АҚШ ДАҒДАРЫСЫ
АҚШ экономикасы ЖІӨ 15 трлн. долларды құрайтын әлемдегі ең ірі экономика. Салыстырмалы түрде қазіргі қарқынмен дамып келе жатқан Қытайды алсақ, ол сатып алу қабілеті бойынша ЖІӨ 10 трлн. долларды құрайтын экономикасы бар келесі бір мемлекет. АҚШ – тың 300 млн. халқы тәулігіне 20 млн. баррель мұнай тұтынады. Салыстыру үшін 1,5 трлн. халқы бар Қытай тәулігіне тек 9 млн. баррель немесе 2 есе аз тұтынатындығын атап өткен жөн. Сонымен қатар, Американдық доллар әлемдік қор валютасы ретінде танымал, себебі АҚШ кез-келген басқа мемлекетке қарағанда қызметтер мен тауарларды көбірек өндіреді және де негізгі шикізат (мұнай) тек қана долларда сатылады.
Бүгінгі күні АҚШ экономикасы капиталистік артық өндіру дағдарысы жағдайында тұр. Бұл дағдарыс мемлекетте өндірілген барлық тауарларды сатып алу үшін тұрғындар табысының жетіспеушілігінен пайда болады. Өнімдері өздерінің сатып алушыларын таппаған компаниялар құлдырайды да, оларда жұмыс істеген адамдар жұмыстарынан шығып, өмір сүруге қажетті қаражаттарынан айырылады.
Бұл жағдайды былайша түсіндіруге болады: бүкіл ұлттың жалпы табысы (жалақы мен капиталистердің шығындары) қандай да бір уақытта барлық шығарылған тауарларды тұтыну үшін жеткіліксіз болып табылады. Мұндай жағдайда жаңа жұмыс орындарын құру немесе елде өндірілген барлық өнімдерді сатып алуға тұрғындар қаржысы жеткілікті болу үшін түрлі әлеуметтік жәрдемақылар мен несиелер арқылы ақшаны қайта бөлу – бұл АҚШ үкіметінің басты міндеті болып табылады.
Бүгінгі күні америка экономикасында тұрғындар төлемқабілеттілігі және де жаңа өндіріс орындарын ашу үшін капиталистер шығындары бір уақытта төмендеп кетті. Дәл осыған байланысты америка компаниялары өндірілген тауарларын сата алмай және сол себептен өздерінің қызметкерлерін қысқартуға немесе банкроттыққа ұшырауға мәжбүр болып отыр.
Америка экономикасының өндіріс салаларындағы жұмысшылардың қысқаруы себебінен тұрғындардың да нақты табыстары қысқарды. Бұл төлемқабілеттік сұраныстың төмендеу себебі болып табылады. Жұмыс күшінің қымбаттығына байланысты АҚШ-тың ірі кәсіпорындары өздерінің өндіріс ошақтарын Шығыс және Оңтүстік Азияға көшірді, себебі ол жақта арзан жұмыс күші еңбек етеді. Арзан жұмыс күші дегеніміз – бұл американдық жұмысшылармен салыстырғанда өз жұмыстарына көлемі бойынша шағын үй, көлемі бойынша шағын көлік алуға келісе отырып жұмыс істейтін қытайлық жұмысшылардың жұмыс күші болып табылмақ. Американдық жұмысшылар талап ететін жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуді, әлеуметтік қамтамасыз етуді өз кезегінде қытайлық жұмысшылар талап етпейді. Мұндай үрдіс біртіндеп АҚШ-тың өнеркәсіптік базаларының құлдырауына әкеліп жатыр.
Сондықтан да, АҚШ тұрғындарының нақты табысының төмендеуі дағдарыстың бірінші себебі болып табылады. Әлбетте, Американдық үкімет тұрғындардың нақты табысының төмендеп жатқандығын жақсы түсінді, сол себептен де капитализм жүйесінің шеңберінде бұл проблеманы шешуге және артық өндіру дағдарысының алдын алуға тырысты.
2008 жылға дейін қаржы секторлары тарапынан болған несиелендіру арқылы америка тұрғындарының нақты табысының төмендеуінің орны толтырылып отырды. Несие алу арқылы тұрғындар экономикадағы өндірілген барлық тауарларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сөзімізді дәлелдірек ету үшін сол кездің статистикасына көз жүгіртіп өтейік.
1992 жылы АҚШ тұрғындары банктерден $180 млрд. несие алса, ал 2006 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 7 есеге дейін, яғни $1,2 трлн. сомаға жеткен. Дәл осы кезеңдерде бір үй шаруашылығының табысы бастапқы кездегі $30 000 сомасынан 2006 жылы $52 000 көлеміне дейін немесе не бәрі 1,7 есеге дейін өскендігін көреміз. Банктер алдындағы тұрғындардың жалпы қарызы 1992 жылғы $4 трлн. сомасынан 2006 жылы $14 трлн. сомасына дейін өскен. Көрсетілген сандар АҚШ-тағы тұтынудың артуы нақты табыс өсуінің негізінде емес, ал несие алу есебінде жүзеге асқандығын көрсетіп отыр. Сондай-ақ бұл америка үкіметінің саналы саясаты болғандығын ескере өткен жөн.
АҚШ-тің Федералдық қор жүйесі (біздің Ұлттық Банктің баламасы) өз кезегінде экономиканың қаржы нарығын артық ақшалар көмегімен толтырып отырды. Ештеңемен қамтамасыз етілмеген қосымша ақшалар акциялар нарығы мен жылжылмайтын мүлік нарығының өсуіне алып келді. Осы жағдайдан кейін, амеркандық банктер тұрғындардың қымбаттаған үйлері мен акцияларын кепілге қоя отырып, оларға одан да көп мөлшерде несие бере бастады. Егерде статистикаға жүгінсек, біз орташа деңгейдегі американдық үйдің бағасы 1992 жылы $120 000 тұрғандығын, ал ол 2006 жылы $240 000 немесе 2 есеге дейін қымбаттағандығын бірден байқаймыз. Осы кезеңдерде қор нарығы да 4 есеге, яғни 3 200 ден 12 300 пунктіге дейін өскен.
Осыдан кейін американдық отбасылар алған несиелерін өз тұтынуларын арттыруға жіберді, сондықтан да АҚШ компаниялары ішкі нарықта өз тауарларын өткізуге қатысты ешқандай да қиындықтарды сезінбеді. Алайда қарыздармен есеп айырысатын уақытта таяп келеді. 2008 жылы АҚШ-тың ең кедей бөлігі өздерінің несие бойынша қарыздарын қайтара алмайды. Осы жағдайды көріп отырған банктер несие беруді тоқтатып, өздерінің берген қарыздарын талап ете бастайды. Американың жеке меншік банктерінің мұндай шешімі қаржы нарығының АҚШ тұрғындарын несиемен қамтамасыз етуінің тоқтауына алып келді. Сәйкесінше, тұрғындардың ақша қаражаттары қысқарды да, осының негізінде экономикадағы жалпы төлемқабілеттілік сұраныс төмендеді.
АҚШ экономикасындағы ақша санын 2008 жылға дейін келесідей формуламен есептеуге болатын еді: тұрғындар табысы + жаңа бизнесті ашуға жұмсалған капиталистер шығындары + банктен алынған қарыздар. Ал енді банктер несие беруді тоқтатқаннан кейін, АҚШ экономикасына түсетін ақшаны есептеу формуласы келесідей көрініс алды: тұрғындар табысы + жаңа бизнесті ашуға жұмсалған капиталистер шығындары – банкке қайтарылған қарыздар.
Америка экономикасында мұндай жағдай Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақыттан бері бірінші рет орын алып отыр. Осы уақытқа дейін АҚШ тұрғындары банктер алдындағы өздерінің қарыздарын тұрақты түрде жылдан жылға өсіріп отырған. 1978 жылы банктен алған қарыз сомасы $1 трлн. болып, ол 2008 жылы $14 трлн. сомасына дейін артқан. Енді 2007 жылдан бастап, банктер алдындағы тұрғындардың қарызы қысқарды да, 2011 жылы $13 трлн. ды құрады. Бұндай жағдай АҚШ тарихында соғыстан кейін алғаш рет орын алып отырғандығын тағы да айта кетейік.
Банктер алдындағы тұрғындардың үлкен көлемдегі қарызы дағдарыстың екінші себебі болып табылады. Қарыздарды қайтару қажеттілігі АҚШ-тың төлемқабілеттілік сұранысын төмендетуші «төменге түсіретін қармақ» іспеттес болып табылды.
Өздерінің тауарлары немесе қызметтерін өткізе алмаған компаниялар қызметкерлерін жұмыстан шығара немесе банкроттыққа ұшырай бастады. Жеке бизнестің мұндай проблемалары тұрғындар табысының одан әрі төмендеуіне алып келді, яғни төлемқабілеттілік сұранысын одан әрі төмендетіп, құлдыраған компаниялар санын одан әрі көбейтті.
Дағдарыстың пайда болу себептерін қарастырғаннан кейін, америка экономикасы негізгі секторларының қаржылық-экономикалық көрсеткіштерін тереңірек талдауға көшейік.
1. АҚШ-тың корпоративтік жеке секторы
Алдымен акциялары биржада ойнатылатын барлық американдық компанияларды өзіне кіріктіретін жеке корпоративтік сектор көрсеткіштерінен бастайық. Оларға Coca-Cola, Boeing, McDonald's, Microsoft, Ford, Motorola, General Motors, Intel және т.б., яғни АҚШ-тың барлық ірі және орта деңгейдегі компаниялары жатады.
Осы сектордың негізгі көрсеткіштерін талдап көрейік (1-кесте). Көрсетілген мәліметтер қарыздардың ұдайы өсімі кезіндегі американдық компаниялар пайдасының төмендеп жатқандығын немесе басқаша айтсақ сектордың нақты шығындылығын көрсетеді. Сонымен қатар, американдық компаниялар қарыздарының өсімі олардың пайдасының өсіміне еш әсер етпейді, яғни банктер алдындағы жаңа қарыздар американдық компаниялардың ағымдағы шығындарының орнын толтыруға жұмсалады. Мұндай жағдай өндіріске салғанын капиталист шығындары тиімділігінің төмен екендігін білдіреді.
1-кесте – Корпоративтік қаржылық емес сектор, жылына млрд. $
Біз компанияның қаржылық активтерін қарастырмайтынымызды атап өткен жөн, себебі олар бағалы қағаздарды қарапайым тоғыспалы иелік етуді білдіреді. Яғни Coca-Cola өз балансында Intel компаниясының бағалы қағаздарына ие болса, керісінше ол өз кезегінде Coca-Cola бағалы қағаздарын иелік етеді және т.б.
Кестеден көріп отырғанымыздай, нақты активтерге қарағанда қарыздар жылдан жылға үлкен үлеске ие болып отыр. Компаниялар өз мүліктерін немесе жеке пайдаларын сата отырып, банктер алдындағы қарыздарын қайтара алады. Мұндай сатылымды жоғалтатын ештеңесі жоқ, яғни не банкрот болу қаупі алдында тұрған, не өздерінің қызметтерін тоқтатқан компаниялар жүргізеді. Ал басқалары әлі де болса өздерінің таза пайдаларының есебінен қарыздарды қайтаруға тырысады. Алайда оған қанша уақыт қажет болатындығын қарап көрелік.
Американдық компаниялар пайдаларының деңгейі олардың банктер алдындағы негізгі қарыздарын тек 40 жылдан соң қайтара алатындығын көрсетеді. Яғни, 2005 жылғы болжам 16 жыл делінсе, ал ол 2009 жылы 40 жылға өскен. Ірі американдық компаниялар жағдайының шындығында да төмендеп кеткендігін біз тура көз алдымызда көріп отырмыз. Пайдасы төмендеген кезде олар банктер алдындағы қарыздарын мүлдем қайтара да алмайды.
Мәліметтерді ірі американдық компаниялардың көрсеткіштерімен бірге қарастырып болғаннан соң, АҚШ экономикасындағы шағын бизнесті талдауға көшейік.
2. АҚШ-тың корпоративтік емес жеке секторы
Бұл сектор өзіне акциялары биржада ойнатылмайтын барлық американдық компанияларды, бүкіл шағын немесе отбасылық бизнесті кіріктіреді.
2-кесте – Корпоративтік емес қаржылық емес сектор, жылына млрд. $
Кестеден көріп отырғанымыздай, экономиканың бұл секторы мүлдем пайда көрсетпейді (2-кесте). Сонымен қатар, қарыз сомасының да жылдан жылға өсіп келе жатқандығын көреміз, өз кезегінде компания 2009 жылы өзінің нақты активтерін сату есебінен олардың орнын жаба бастаған. Бұл компанияның банкроттыққа ұшырау жолы немесе құлдырау алдында тұрған кезі немесе банкрот болған сәті. Сәйкесінше, американдық шағын бизнесте де біз ешқандайда үміттенетін факторлардың жоқ екендігін көріп отырмыз.
Американдық бизнес талдауын аяқтай отырып, ендігі кезекте АҚШ тұрғындарының экономикалық көрсеткіштерін қарастыруға көшейік.
3. АҚШ тұрғындары
Американикандық тұрғындардың 95%-ның қаржылық көрсеткіштерін қарастырайық (3-кесте). Объективті талдау үшін біз 5% құрайтын американың ең бай адамдарының талдауын алып тастаймыз. Статистика бойынша осы 5% құрайтын бай адамдарға келесілер тиесілі:
АҚШ-тың барлық тұрғындарына тиесілі жылжымайтын мүліктің 50%;
барлық американдықтар табысының 28%;
тұрғындардың барлық қаржылық активтерінің – 58%;
Америка тұрғындарының банктер алдындағы жалпы қарызының – 19%.
3-кесте – АҚШ тұрғындарының қаржылық көрсеткіштері, жылына трлн. $
Мәліметтер бізге едәуір нашар күйдегі көріністі бейнелеуде. Америка тұрғындарының 95%-ның қарыздары олардың барлық жылжымайтын мүліктерінің құнынан асып кетіп отыр. Тұрғындардың қолында бар $19 трлн. сомасындағы қаржы активтерінің $12 трлн. зейнетақы шоттары құрайды, демек американдықтар тек қалған $7 трлн. долларды ғана басқара алады. Сондай-ақ, Штаттың тұрғындары иелік ететін акциялар мен облигациялары бар амеркандық компаниялардың қаржылық тұрақтылығы да белгісіз. Біз корпоративтік сектордағы жағдайдың мүшкіл екендігіне көз жеткізгеннен кейін ол жердегі бағалы қағаздардың басым бөлігінің бағасы асыра бағаланғандығын болжап айтуға әбден болады. Осыдан шығатын қорытынды, амеркандықтар өздірінің қаржылық активтерін сатқан күннің өзінде $7 трлн. сомаға иелене қоя ма екен деген тұжырымды сенімді түрде айтуға болады.
Мысал ретінде Dow Jones индексінің 2008 жылы 7000 пунктіге дейін төмендегендігін айтуға болады. Осы жағдайда американдықтардың барлық қаржылық активтерінің құны $7 трлн.-нан $2 трлн.-ға дейін төмендегенін көреміз және осы кезде американдықтардың иелігіндегі барлық нәрсенің құны олардың қарыздарынан әлдеқайда төмен болады. Жағдайдың осындай қарқынмен кете беруі американдықтардың 95% кедейшілікке дейін апарады.
АҚШ тұрғындарының банктер алдындағы қарызын қайтарады деген түсініктің өзі үлкен күмән туғызады. Тіпті американдықтар өздерінің табыстарының 10% қарыздарын өтеуге жұмсап отырған күннің өзінде оларға барлық қарызды жауып біту үшін кемінде 138 жыл керек болады екен. Сондықтан да, біздің көріп отырғанымыздай, АҚШ тұрғындарының банктер алдындағы қарызы қайтадан көтерілуі қиын ірі проблема болып табылады.
Табыстарының 10% қарыздарды жабуға бөліп отырудың өзі тіптен мүмкін емес. Себебі өз табыстарын қарыздарды жабуға жұмсай отырып, американдықтар өздерінің тұтынуын қысқартады. Ал бұл американдық компаниялардың сату көлемдерінің қысқаруына, кейіннен қызметкерлерін жұмыстан шығаруға алып келеді. Жаппай жұмыстан шығару үдерісі сату көлемінің одан әрі қысқаруына, сөйтіп шексіздікке дейін кете беруіне әкелмек. Мұндай құбылыс дефляциялық шиыршық деп аталады. Мұның нақты көрінісі ретінде 1929-1934 жылдар аралығындағы Ұлы тоқырауды айтуға болады.
Сондықтан да, американдық экономика түбегейлі құртылып кетпес үшін, мемлекет тұрғындардың өз қарыздарын қазіргі табыстары арқылы қайтармауына жол бермеу керек. Яғни, үкімет халыққа жаңа, қосымша табыс көздерін ойлап табуы қажет. Осы тақырыпқа байланысты, ендігі кезекте АҚШ-тың мемлекеттік секторы мен сыртқы қарыздары туралы сөз қозғайық.
4. Мемлекеттік сектор және АҚШ-тың сыртқы әлемге қарыздары
Америка үкіметі түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және мемлекеттік секторларда жұмыс орындарын құру үшін ішкі және сыртқы нарықтардан бірнеше триллион доллар көлемінде қарыз алды. Бұл мемлекет есебінен жалпы төлем қабілеттілік сұранысты сол қалпында ұстап тұру үшін жасалынды.
Егерде сандарға жүгінетін болсақ, онда біз американдық үкіметтің жалпы шығындары 2006 жылы $4,15 трлн.-ды құрағандығын көреміз, ал 2010 жылы бұл сома $5,3 трлн.-ға өскен. Алайда мұндай астрономиялық соманың өзі де экономиканы бір қалыпты ұстап тұра алмады. Егерде 2006 жылы барлық салық түрлерінен $3 995 млрд. сома жинақталса, ал 2010 жылы бұл көрсеткіш тек $4 028 млрд. сомаға дейін өсті. Яғни, американдық үкіметтің шығындары $1,1 трлн.-ға дейін өссе, ал бюджет кірістері тек $33 млрд.-ға өскен. Осындай тиімділікке сіз қалай қарайсыз? Демек, мемлекеттік шығындардың өсімі дағдарыстан шығуға көмектесе алмасы айдан анық.
АҚШ-тың сыртқы қарыздары 2011 жылғы мәлімет бойынша $15 трлн.-ды құраған. Осы соманың ішіндегі тек $4 трлн. ғана АҚШ үкіметінің қарызы, ал қалған $11 трлн. АҚШ компаниялары мен банктерінің еншісіндегі қарыз болып табылады.
Американдық компаниялардың бүгінгі күнгі пайда алу деңгейі бұл қарызды 75 жылдың ішінде қайтаруға мүмкіндік береді. Алайда бұл үдеріс компания барлық түскен табысын шетелдіктердің қарыздарын жабуға үнемі жұмсап отыратын жағдайда ғана жұмыс істейді. Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін американдықтар өздерінің тұтынуларын бірден төмендетуге және артық өнім өндіре бастауға мәжбүр және де осы кездегі алынған айырманы олар сыртқы әлемдегі қарыздарды қайтаруға жұмсай алады.
Әрине қарыздарымен есеп айырысу үшін АҚШ бұрындары КСРО республикаларының кеңестік элиталары жасағандай өздерінің инфрақұрылымы мен жерлерін сата алады. Алайда, біздің ойымызша, АҚШ мұндай қадамға бармайды. Осы жерде тарихқа көз жүгіртіп өтейік. Бүгінгі күні барлық қақтығыстардан жеңімпаз болып шыққан жалғыз ұлт, бұл – англосаксылар. Англосаксылар өз кезеңінде мықты болып саналған Испан Империясын, Француз Империясын, Қытайды, Ресей Империясын жеңген, Солтүстік Американың жергілікті тұрғындарын түп-тамырымен жойған, Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғысты, содан соң Суық соғысты жеңген. Бұл ұлт өздерінің ұлттық мүдделерін өте қатал түрде қорғай алатындығын бір емес бірнеше рет дәлелдеген.
Жоғарыда аталғандардың барлығы американдықтар басқа елдерге қарыздарын қайтарудан жәй ғана бас тарта қояды дегенді білдірмейді. Шетелдіктерге қарыздарын қайтарып, ол сомаға АҚШ-тан бес есе аз тауарларды сатып алуға әкелу үшін АҚШ долларды инфляция арқылы құнсыздандырады.
Бұны АҚШ мемлекеті қаржы нарығын құрал ретінде пайдалану арқылы іске асырады. Бүгінгі күнгі қаржы нарығы экономикада аса маңызды рөлге ие. Сол себептен де, осы жерде қаржы нарығы туралы бірнеше сөз қозғайық. Біріншіден, ол артық ақша массасын байланыстыратын құрал болып табылады. Егерде қор нарығындағы ақша массасы экономиканың нақты секторына барып құйылатын болса, онда бөлке нанының бүгінгі күнгі бағасы $1 000 болатын еді. Сол себептен де, қаржы нарығы тұтынушылық тауарлардың бағасы өте қатты қымбаттап кетпес үшін, экономикадағы артық ақшаны тартып шығаратын «сорғыш» қызметін атқарады. Есесіне акция, облигация және басқа да активтердің бағасы артады, ал бұл байларға арналған инфляция болып табылады.
Екіншіден, қаржы нарығы «виртуальды» байлық қызметін атқарады, оны ешқалай да ұстап немесе сипат көру мүмкін емес. Осы виртуальды активтер арқылы банктер корпорацияларды, қаржы ұйымдарын және тұрғындарды несиелендіреді. Тұрғындардың зейнетақы жинақтары да осы қаржы нарығына салынады. Ал егерде қаржы нарығының бірден төмендеуі орын алған жағдайда, АҚШ-та «банкроттық сарқырама» пайда болады.
Американдық банктер балансындағы кепілге қойылған акциялар мен облигациялар құнсызданады. Осы кезде банктер активтерін жаңарта, шығындарын белгілей, теріс капиталдарын көрсете және ақырында банктроттыққа ұшырай бастайды. Сәйкесінше, банктерде, зейнетақы қорларында және басқа да қаржы ұйымдарында ақшаларын сақтаған тұрғындар мен компаниялар өздерінің жинақтарын бір мезетте жоғалтып, өмір сүруге қажетті еш қаражатсыз қалады. Бұл жағдай 1992 жылғы болған бұрынғы социалистік мемлекеттердің кейпін еске түсіреді.
Америка үкіметі өз экономикаларын қаржыландырудың құралы ретінде қаржы нарығын өте белсенді түрде пайдаланады. Өздерінің жинақтары бар және сол жинақтарын американдық бағалы қағаздарды сатып алуға жұмсау үшін қолданатын, кез келген адам, кез келген компания және кез келген мемлекет іс жүзінде АҚШ экономикасын қаржыландырады. Осы жерде мынандай маңызды нәрсені анық түсініп алған жөн: банктік депозиттердегі ақшаны американдық компаниялардың облигациялары мен акцияларында сақтайтындардың барлығы да өз капиталдарын әлдеқашан жоғалтып алған. Себебі АҚШ банктері бұл ақшаны алып, оны орта американдықтың микротолқынды пеш сатып алуы үшін несиеге береді, ал өз кезегінде ол пеш әлдеқашан бұзылып, қоқыста жатыр. Ал бұл американдық болса әлдеқашан жұмысынан айырылып қалған, себебі оның жұмыс орны арзан жұмыс күші бар Қытайға көшіп кеткен еді, сол себептен де ол алған несиесін банкке қайтадан қайтара алмайды.
Бұл салымшылар банктердегі өз ақшаларын мүлдем қайтара алмайды деген сөз емес. Олар ақшаларын қайтара алады, бірақ бұл жағдай барлық тауарлар бағасының 10 жылдың шамасында 3-5 есеге дейін көтерілуіне әкеп соқтырады. Не болмаса осы салымдар сақталынған барлық ұйымдар, яғни барлық банктер, зейнетақы қорлары тектен-текке банкроттыққа ұшырайды дегенді білдіреді.
Адамдарға олардың салымдары мен зейнетақылары жойылды деп мәлімдейді, бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Яғни, нақты түрде халықтың, банктің, компанияның салымдары жоқ. Сол себептен Үкімет немесе инфляция, құнсыздану арқылы осы жинақтық салымдарды жою қажет, не болмаса осы жинақтық салымдар сақталатын банктерді, компанияларды, зейнетақы қорларын банкроттыққа ұшырату керек.
Сонымен жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындыласақ.
Америка экономикасында шешілмейтін қарыз проблемасы орын алған, бұл тұрғындар мен компаниялардың банктер алдындағы және АҚШ-тың сыртқы әлем алдындағы қарыздары. Шын мәнісінде банктер тұрғындарға берген несиелерін қайтара алмағандықтан, банкроттыққа ұшырайды. Ал өздерінің салымдарын банкте сақтағандардың барлығы да, өз кезегінде олардан айырылады.
АҚШ басқа елдермен салыстырғанда шамадан тыс әлеуметтік міндеттемелер мен жалақыға кететін үлкен шығындарға ие. Бұның ақыры АҚШ экономикасындағы өнім өндіру саласының құлдырауына әкелуі мүмкін.
Америка үкіметі пайда болған дағдарысты қалайша басатындығын қарап көрейік. Мәселені шешудің негізгі құралы ретінде қосымша ақша ынталандыру таңдалынды. АҚШ үкіметі жаңадан басып шығарылған долларларға АҚШ-тың коммрциялық банктерінен бағалы қағаздарды сатып ала бастады. Мемлекеттен алған ақшаларын банктер экономиканың жеке секторларын несиелендіруге жұмсады, алайда тұрғындар әлі күнге дейін жаңа қарыздар алуға асықпай, бұрынғысынша банктер алдындағы қарыздарын жауып жатыр. Нәтижесінде, тұрғындардың қарызы 2008 жылғы $14 трлн.-нан 2011 жылы $13,2 трлн.-ға дейін қысқарды. Американдық компаниялар да өздерінің қарыздарын өсіруге асығып жатқан жоқ. Осы аралықтағы олардың банктер алдындағы қарызы $11,42 трлн.-нан $11,5 трлн.-ға немесе тек $80 млрд.-ға дейін ғана өскен. Сондықтан да, АҚШ тұрғындар мен жеке секторлардың жалпы төлемқабілеттік сұранысы әлі күнге дейін төмендеп жатыр.
Бүгінгі қалыптасқан проблемадан шығу үшін тұрғындар өздерінің төлем қабілеттік сұранысын төмендетпей-ақ банктермен есеп айырыса алатындай етіп, оларға қосымша табыс көздерін ұсыну қажет. АҚШ үкіметі қосымша ақша шығару арқылы жеке компаниялардан және жеке адамдардан оларға тиесілі акцияларын сатып алу арқылы адамдарға қосымша табыс береді. Тұрғындар өздеріне тиесілі бағалы қағаздарды олардың өскен құны бойынша сата отырып, қосымша пайда табады. Бұл пайда олардың жеке тұтынуларына да және банктер алдындағы қарыздарын қайтаруға да жеткілікті болып табылады.
Қосымша табыс табудың тағы бір нұсқасы – экономиканың нақты секторында жаңа жұмыс орындарын ашу. Мұндай шара АҚШ тұрғындары нақты табысының өсіміне және экономикаға еш зиянын тигізбестен банктердің несиелерін қайтаруға мүмкіндік береді. Алайда, аталған шараны орындау үшін көптеген уақыт қажет екендігін атап өткен жөн, ал АҚШ үкіметінің жағдайы уақыт күттірмейтін дәл қазіргі күнгі шешімді талап етіп отыр.
Сонымен қатар, АҚШ үкіметінің әлеуметтік міндеттемелері экономика үшін тағы да бір проблема болып табылмақ. 1970 жылдан бастап, америка үкіметі өзінің тұрғындарына зейнетақы, медицина мен білім беруді қамтамасыз ету, түрлі әлеуметтік төлемдер мен т.б. төлемдерді қоса алғанда әлеуметтік кепілдікті $40-$50 трлн. төлеуге сөз берген еді. Алайда қазіргі кезде Штат үкіметінің тауарлар мен қызметтерді уәде берген көлемде орналастыруға физикалық тұрғыдан алғанда күші жетпейді.
Осыған байланысты ерте ме кеш пе АҚШ үкіметі өзінің берген уәдесінен бас тартып, әлеуметтік бағдарламаларды қысқарта бастайды. Осындай шараны бүгінгі күні Греция, Испания, Ирландия, Исландия, Латвия және Литва мемлекеттері жасап жатыр. Ал Құрама Штатарының өзінде де Калифорния, Флорида және Висконсин сияқты штаттарының басшылықтары әлеуметтік міндеттемелерді төмендету немесе бас тарту бойынша қадамдарға біртіндеп барып жатыр.
Әлеуметтік міндеттемелерді қысқартудың ауыр және танымал емес жолының орнына АҚШ үкіметі басқа бір жолды таңдай алады: бұл инфляция жолы. Бұл үшін америка үкіметіне 5-7 жылдың ішінде доллардың сатып алу құнын 3-5 есеге төмендетуге тура келеді. Яғни өз мемлекеттерінің ішінде валютаны қайтадан инфляцияға ұшыратып отырады. Мұндай жағдайда бұрындары $100 тұрған зат қазір $300 тұратын болады. Сондықтан да, АҚШ үкіметі тұрғындар алдындағы міндеттемелерін бұрынғы көлемінде нақты жүзеге асырып отырады, бірақ енді тұрғындар осы сомаға 3-5 есе аз тауарлар мен қызметтер сатып алатын болады.
Қалай десек те, инфляция америка экономикасындағы барлық проблемаларды бірдей шешуге мүмкіндік беретін жалғыз құрал болып табылмақ. Тек қана инфляциялық жол мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін жеткілікті деңгейге дейін төмендете немесе мүлдем құрта, жұмысшылардың нақты табыстарын төмендете және АҚШ мемлекетіне өндіріс ошақтарын қайтара алады. Сондай-ақ, инфляция экономиканың дамуына кедергі келтіріп отырған қарыздардан да құтылуға мүмкіндік береді.
Десе де, келесідей маңызды сұрақ орын алмақ, яғни АҚШ инфляциялық жолмен өзі жалғыз жүреді ме не болмаса осы жолда Еуропа мен Жапония мемлекеттерімен бірігеді ме?!