KZ RU EN

Бізге қандай Қазақстан керек?



Бүгінгі күні қазақ тілінің қазіргі жағдайы мен болашағы жайлы көптеген пікірталастар өрбуде. Осыған қатысты өз ойымызды ортаға салмастан бұрын төмендегі мәліметтерге мән беріп өтейік. Алдымен Қазақстанның демографиялық ахуалына назар аударайық.

1-кесте – 1000 адамға шаққандағы қазақ, орыс, украин халықтарының табиғи өсімі




Бұл кестеден Қазақстандағы еуропалық тұрғындардың табиғи өсімі төмендеп жатқандығын көрініп тұр. Ал қазақ тұрғындарының табиғи өсімі еуропалық тұрғындармен салыстырғанда бірнеше есеге артып отырғандығын байқауға болады.

2-кесте – 1000 адамға шаққандағы қазақ тілді облыстардың табиғи өсімі



Осы көрсеткіштерді 1000 адамға шаққандағы орыс тілді облыстардың табиғи өсімімен салыстырайық.

3-кесте – 1000 адамға шаққандағы орыс тілді облыстардың табиғи өсімі



4-кесте – Қазақ тілді облыстардағы табиғи өсімнің абсолютті көрсеткіштері



Енді осы көрсеткіштерді орыс тілді облыстардың табиғи өсімінің абсолютті көрсеткіштерімен салыстырайық.

5-кесте – Орыс тілді облыстардағы табиғи өсімінің абсолютті көрсеткіштері



Қазақ тілді облыстардағы туу мен табиғи өсім көрсеткіші орыс тілді облыстарға қарағанда 7 есе, ал 1000 адамға шаққандағы көрсеткіштер бойынша 5 есе жоғары екендігін көріп отырмыз. Мәлеметтер қазақ халқының туу мен табиғи өсімі еуропа тұрғындарымен салыстырғанда жоғары екендігін дәлелдейді.

Қала халқының өсуі қашанда ауыл тұрғындарының санатына тәуелді болып келген. Ауыл халқы үлес салмағының төмендеуі жалпы ұлттың қартаюына алып келмек. Себебі ауыл халқының туу көрсеткіші қала халқымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып табылады. Сонымен қатар ұзақмерзімді кезең ішіндегі қала халқының туу көрсеткіші осы қала халқының қарапайым санын шығаруға қауқарсыз. Демек, егерде ауыл тұрғындарының ағымы азаятын болса, онда сәйкесінше қала тұрғындары да біртіндеп азая бастайды.

Ауыл тұрғындарының басым бөлігінде қазақ тілінде сөйлейтін қазақ халқы өмір сүреді.

Яғни, ауыл тұрғындарының қалаға ағылуы жылдан жылға артып жатқандықтан, ерте ме кеш пе Қазақстандағы қала тұрғындарының басым бөлігі қазақы және қазақ тілді болары анық. Қазақ тілі Қазақстан территориясындағы негізгі қарым-қатынас тіліне айналады. Біздің пайымдауымызша бұл өзгеріс алдағы 10-15 жылдың ішінде жүзеге асады. Осылайша айқын табиғи заңдылық бойынша қазақ тілі Қазақстандағы негізгі қарым-қатынас тіліне айналады.

Біздің қоғамның кейбір өкілдері әлі күнге дейін қазақ тілін сақтап қалу және оның қолданыс аясын кеңейту туралы мәселелерді көтеруде. Алайда бұл мәселе объективті табиғи заңдылық, яғни демография мәселесі бойынша әлдеқашан шешіліп қойған. Бірнеше уақыт өткеннен соң, бұған барлығының да көзі анық жететін болады.

Шын мәнінде ұлт алдында тұрған және бізді нақты толғандыратын сұрақ келесідей көрініс алуы тиіс. Біз тек қазақ тілінде сөйлейтін Қазақстанды иеленеміз бе, әлде қазақ тілінде сөйлеп және қажетті білімін қазақ тілінде алатын Қазақстанды ма?

Егерде біз қазақ тілінде сөйлейтін, алайда өзіне қажетті білімді басқа тілде алатын Қазақстанға қол жеткізсек, онда біз ұлт ретінде ұтыламыз. Біз тәуелсіз ел ретінде өмір сүруімізді тоқтатамыз. Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай жағдай бізде болған. Кезінде біздің ел тек қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық дәстүрлерін қатаң ұстанған еді. Бірақ бұл бізге көмектеспеді, сәйкесінше бізді езгінің астына салды. Ұлтымыздың осындай жағдайға душар болуының себебі патша саясатынан емес, біздің әлсіздігіміздің салдарынан болды. Әлсіздер әрқашанда соққының астында қалған, қалып жатыр және қалада беретін болады. Бұдан шығатын қорытынды, үнемі кінәліні іздеп, арызданудың орнына белді бекем буып, ұлт ретінде күшею қажет.

Ал егерде біз қазақ тілінде сөйлейтін және өзіне қажетті білімді қазақ тілінде алатын Қазақстанға қол жеткізсек, онда біз ұлт ретінде ұтамыз. Бұл жағдайда біз халықтың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін өндіріс пен ауыл шаруашылығын аяғынан тұрғызып, өзіміздің ұлттық инженерлік-техникалық мектептерімізді қалыптастырамыз.

Өзімізге қажетті білімді қазақ тілінде алу үшін бізге барлық маңызды деген экономика, саясат, философия, география, биология, медицина, физика, химия және т.б. салалардағы еңбектерді қазақ тіліне сапалы түрде аудара білу керек. Бүгінгі таңда тек қазақ тілін білетін адам инженерия, механика және аэродинамика салаларында өзінің білім деңгейі бойынша неміс, американдық және француздық азаматпен тең келмейді. Себебі ол осы салалардағы қажетті білімді қазақ тілінде таба алмай отыр. Сондықтан тек қазақ тілін білетін қазақ азаматы өзіне қажетті білімді игеру үшін алдымен басқа тіліді меңгеруге мәжбүр. Ал осы адам ана тілінде сапалы білім алу үшін біз жоғарыда аталған еңбектердің қазақ тіліндегі сапалы аудармаларын жасай білуіміз керек. Айтылған барлық еңбек салаларындағы аудармалар сол саланың білікті мамандары арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Себебі механикалық аударма жасау, бұл проблеманы шешпейді, тек қана жұмыс барысын қалыптастырады.

Біз ұлттарды тілдік деңгейде біріктіруіміз керек. Бүгінгі таңда ұлттар тілі тек әкімшілік шара есебінен ғана қызмет етуде. Бүгінгі күні ұлтымызды тілдік деңгейде не қазақ тілі, не орыс тілі біріктіре алады. Бұл дегеніміз не қазақ тілі, не орыс тілі барлық этникалық топтар үшін біріктіруші тіл болып табылады дегенді білдіреді.

Ал енді Қазақстанда қандай жағдай қалыптасып жатқандығына және оның қайда әкелетіндігіне назар аударып көрейік. Бүгінде біз Батыс және Оңтүстік Қазақстандағы қазақтардың орыс тілінде сөйлеспейтіндігін көріп отырмыз. Өз кезегінде орыстар да жаппай қазақ тілінде сөйлеспейді. Дегенмен, жоғарыда айтылған қазақ халқының демографиялық жағдайы мен табиғи өсімін ескерсек, онда ерте ме кеш пе орыс тілінің қолданыстан шығатындығын байқауға болады. Бүгінгі күні инженерия, механика, аэродинамика және медицина салаларындағы білімдер қазақ тіліне қарағанда орыс тілінде басым екендігін атап өткен жөн. Сәйкесінше егерде біз аталған салалар бойынша қажетті білімдерді қазақ тілінде қалыптастырмасақ, онда халық лезде деградацияға ұшырайды. Себебі халықтың көп бөлігі қазақ тілінде сөйлегенмен, олар өздеріне қажетті инженерия, механика, аэродинамика және медицина салалары бойынша білімдерді қазақ тілінде ала алмайтын болады. Бұл Қазақстанды алдымен Нигерияға, одан кейін Ауғаныстанға айналдырады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін қажетті білімдерді қазақ тілінде алатын оқулықтардың санын және осы білімді қазақ тілінде қолданушылардың санын арттыру керек. Әйтпесе біздің балаларымыз бен немерелерімізге дұрыс медициналық қызмет алу үшін Еуропаға баруға тура келетін болады. Ал ол сапарға қаржылық жағдайы жетпеген азаматтар, өз өмірлерін медицина саласын түсінбейтін дәрігердің қолына аманат етуге мәжбүр болады.

Бізге қажетті білімдердің барлығы да бір кездері бізде болғандығын түсінуіміз керек.

ІХ ғасырдың өзінде екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фараби нақты ғылымдар бойынша «Кемеңгерлік меруерті», «Ғылымдар тізбегі», «Геометриялық сызықтар жасаудың әдістері», «Астрология», «Физика ғылымының элементтерін туралы ұлы пікірлер кітабы», «Жануарлардың мүшелері туралы», «Адам дене бөліктерінің міндеттері туралы» еңбектер жазып қалдырған.

Бұқара маңында дүниеге келген Ибн Сина өзінің басты «Сауығу кітабы» атты философиялық еңбегімен баршаға мәлім. Бұл энциклопедиялық еңбек келесідей төрт бөлімнен тұрады: олар логика, физика, математика ғылымдары (геометрия, арифметика, музыка, астрономия) және метафизика. Басқа еңбектерінің ішінде бірнеше жүздеген жылдар бойына Шығыс және Еуропа ғалымдарына ерекше әсер еткен «Дәрігерлік ғылымның ережелері» атты туындысы бар.

Ұлықбек Гураган астрономия ғылымына орасан зор еңбектер әкелді. Ғалымның ең атақты еңбектері ретінде «Зиджи джадиди Гурагани» немесе «Гурагандықтардың жаңа астрономиялық кестелері» туындысы танымал. Осы еңбектердің көмегімен бүкіл әлемнің астрономдары 1018 қозғалмайтын жұлдыздардың нақты координаттарын табу мүмкіндігіне ие болды. «Зидже Улыкбека» еңбегінде тригонометриялық кестелер де дәл осындай анықтылықпен көрсетілген. Ұлықбек үтірден кейінгі он сегізінші белгіге дейінгі дәлдікті анықтайтын маңызды астрономиялық түсінік, яғни бір градустың синусын есептей алды.

Әл-Бируни өзінің шығармаларын математика, астрономия, физика, ботаника, география, жалпы геология, минералогия, этнография, тарих және хронология салаларына арнады.

Әл-Хорезми «Үнді есебі бойынша қосу мен азайту» («Kитaб aл-жaм 'а бил хисаб aл-Хинди») туралы арифметикалық трактат, «Әл-Жебр мен әл-Мұқабала есебі жөніндегі кысқаша кітап» («Aл-Maкaлa фи хисаб aл-жaбр вa aл-Mұқaбалa») атты алгебралық трактат, астрономиялық кестелер мен географиялық трактаттар қалдырған. Сонымен қатар, Әл-Хорезмидің трактаты бойынша алғаш рет математика ғылымының тарихында квадраттық теңдеулерді шешудің жалпы ережелері пайда болды. Алайда оларды қазіргі жалпыға мәлім формаға келтіру үшін тағы да жүздеген жылдар қажет болды.

Көріп отырғанымыздай, жоғарыда аталған барлық нақты ғылымдар өз тамырларын түрік даласынан алып жатыр. Біздің бүгінгі күні жоғалтып жатқан барлық қажетті білімдеріміз бір кездері өз бастауын бізден алған еді.