KZ RU EN

Малайзия


Дана Жол Малайзияның мысалында билік басында кәсіпкерлер тұрған елдің қалай дамитынын көрсетеді. Бұл ретте билік басында кәсіпкерлер тұр дегенді зауыттың иесі елдің президенті немесе премьер- министрі болып отыр деп түсінбеу қажет. Бұл экономикалық саясаттың ішкі тауар өндірушілердің мүдделеріне қызмет ететінін, сондай-ақ, осы жүргізіліп отырған саясаттан ұлттық компаниялардың меншіктенушілері көбірек пайда алатынын білдіреді. Елді оқытушы да, адвокат та, кәсіпқой шенеунік те басқара алады.

Малайзия мен Қазақстанның ұқсастықтары көп. Кезінде екі ел де отар елдер болды. Яғни, Малайзия Британияның, ал Қазақстан Ресейдің отары болды. Сонымен қатар, Қазақстанда, Малайзиядағыдай, әртүрлі этникалық топтар мен діндер бар. Біздің елде бүкіл халықтың 65 %-ын қазақтар құрайды және халықтың 65-70 %-ына жуығы ислам дінін ұстанады. Малайзия халқының саны 29 млн. адамнан асады. Оның 50 %-ынан астамы – малайлық мұсылмандар. Қытайлар бүкіл халықтың 23,7 %-ын құрайды. Олардың көпшілігі – буддистер, даостар, конфуциандықтар және христиандар. Үндістер жалпы халықтың 7 %-ын құрайды. Олардың арасында индуистер, буддистер, сихки, мұсылмандар және христиандар бар. Халықтың қалған 16 %-ын әртүрлі этникалық топтар, Малакка мен Калимантан аралының аборигендік халқы және көпшілігі индонезиялықтар болып келетін мигрант жұмысшылар құрайды. Елдің ресми діні – ислам. Конституция басқа діндерді де еркін ұстануға құқық береді. Сондықтан, бұл елде діни сипаттағы дау- жанжалдар іс жүзінде орын алып отырған жоқ.

Малайзия 1957 ж. тәуелсіздігін алған кезде, негізінен, каучук және қалайы өндірісі мен экспортына маманданған, артта қалған ел болды. Ел тәуелсіздік алғаннан кейінгі аз уақыттың ішінде, экономикалық өсудің жоғары қарқыны мен халықтың айтарлықтай жоғары өмір сүру деңгейін паш ете отырып, өз дамуында үлкен табыстарға қол жеткізді. Жапон экономикасының даму үлгісіне бағдарлану, шетелдік капитал мен технологиялар тарту, өнеркәсібі дамыған елдердің озық тәжірибелерін пайдалану, индустрияландырудың импортты алмастыру мен экспортқа бағытталу сияқты негізгі құралдарын тиімді ұштастыра білу, саяси тұрақтылық – осылардың барлығы Малайзияға экономиканы жаңғыртуда, әлеуметтік салада елеулі жетістіктерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Оның мемлекеттік құрылымы – конституциялық монархия. Малайзияның Ираннан айырмашылығы мынада: Иранның басқарушы табы діни-идеологиялық тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктер, ал Малайзияның басқарушы табы діни-идеологиялық тұғырнамада (ислам) тұрған кәсіпкерлер болып табылады. Көріп тұрғанымыздай, Иранның да, Малайзияның да идеологиялық негізі – ислам. Бірақ, екі елдің билік басында отырған таптары

2 бұл идеологияны әр түрлі стратегиялар мен тактикалардың көмегімен жүзеге асырып отыр.

Ирандағы билік басында отырған феодал-шенеуніктер экономика саласын заңдар, бұйрықтар мен рұқсат берулер арқылы реттейді. Демек, Иранда дәл осы шенеуніктер не өндіру керек, өндірілген тауарды қайда сату керек, зауыттарды қандай бағаға салу керек, алынған табысты қалай бөлу керек, т.б. сұрақтарды шешеді. Иранның діни тұғырнамада тұрған феодал- шенеуніктері идеология саласында Ислам жөніндегі өз көзқарастарын басқалардың да мойындауына міндеттейді. Ал, олардың көзқарастарымен келіспегендерді теріс бағыттағы мұсылмандар деп есептейді.

Малайзияның басқарушы табы экономикалық салада ішкі тауар өндірісінің еркін дамуына мүмкіндік бермейтін кедергілерді барынша жоюға тырысады. Малайзиядағы билік басында отырған кәсіпкерлер не және оны қайда өндіру керек, өндірілген тауарды қандай бағаға және қайда сату керек, зауыттар салуға қанша ақша құю керек, т.б. мәселелерді малайлық компаниялар меншіктенушілерінің өздері шешуі тиіс деп есептейді. Малайзияның басқарушы табы идеологиялық салада міндеттеу әдісі арқылы емес, сендіру әдісі арқылы әрекет етеді. Малайзиядағы билік басында отырған кәсіпкерлер Ислам идеологиясының дәл осы сендіру әдісі арқылы әділетті қоғам құруды толық бейнелейтінін көрсетеді. Мұндай қоғамда әр адам өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік алады.

Енді Малайзияның саяси-экономикалық үлгісін толығырақ қарастыруға көшейік.

Малайзиядағы этникааралық жағдай. 1969 ж. қауымдар арасындағы дағдарыс.

1-кесте. Малайзия халқының ұлттық құрамы
* - негізінен, еуразиялықтар, еуропалықтар, австралиялықтар, жаңазеландиялықтар, американдықтар, арабтар. Тәуелсіздік алғаннан кейін, малай және қытай буржуазияларының арасындағы сандық және сапалық алшақтықтар өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселеге айналды. Өкіметтің протекционистік саясатына, сондай-ақ, ұлттық малай капиталының дамуын ынталандырған арнайы ұйымдардың құрылғанына қарамастан, қытайлық капитал басымдық жағдайын сақтап қалды. Қала халқының көп бөлігін қытайлықтар, ал ауыл халқының басым бөлігін малайлықтар құрады (2-кесте). Малайлықтар, негізінен, ауыл шаруашылығында еңбек етті. Ал, өнеркәсіпте, әсіресе, сауда саласында көбінесе малай емес этнос өкілдері жұмыс істеді. Бірақ, малайлық қызметкерлер қытайлық қызметкерлерге қарағанда көбірек болды. Қазақстанда да осыған өте ұқсас жағдай орын алды. КСРО ыдырағаннан кейін, қазақтардың тек 25 %-ы ғана қалаларда тұрды.

2-кесте. Қала және ауыл халықтарының ұлт бойынша жіктелуі, 1970 ж.

3-кесте. Салалар бойынша Малайя этностарының үлесі, 1970 ж.

Табыстар деңгейіндегі айырмашылықтар малай халқының кедей өмір сүргендігін көрсетеді (4-кесте). Жеке өнеркәсіптік сектор активтерінің 94,5 %-ы қытайлық кәсіпкерлерге және тек 2,3 %-ы малайлық кәсіпкерлерге тиесілі болды. 1970 ж. қарай жауапкершілігі шектеулі компанияларда қытайлық капитал шетелдік капиталдан кейінгі 2-орынды иеленді. Қытайлық капитал каучук өндірісінде, тау-кен және өңдеуші өнеркәсіптерде, құрылыста, банк және сақтандыру ісінде малайлық капиталдан анағұрлым асып түсті.



4-кесте. Малайзиядағы негізгі этникалық топтардың орташа айлық отбасылық табыстары XIX ғасырдан бастап Малайя аумағына қытайлар жаппай көшіп келе бастады. Бастапқыда қытайлардың көпшілігі бұл орынды уақытша тұрақ ретінде қарастырды. Бірақ, XX ғасырдың басында қытайлар тек ағылшындардан кейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан зор мәнге ие болды. Алғашқы уақытта қытайлар бөлек тұрды. Малайзиялық үндістердің көпшілігі Малайяға Британия үстемдік етіп тұрған кезде көшіп келген Оңтүстік Үндістан иммигранттарының ұрпақтары болып табылады. 1963 ж. құрамына Сингапур, Сабах және Саравак кірген Малайзия тәуелсіз мемлекеті құрылды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары малайлықтар арасында қытайлардың экономикалық салаға ары қарай үстемдік жүргізіп отырғанына қарсы наразылық өсе түсті. Малайлықтар елдің ұлттық байлығының өте азғантай бөлігін иеленді. Олар бұрынғысынша, негізінен, фермерлер, ұсақ каучук плантацияларының иелері болып қала берді. Сонымен қатар, олар елдің іскерлік өміріне мүлдем араласпады. Ұлттық байлықтың басым бөлігі әлі де шетелдіктердің, соның ішінде, негізінен, ағылшындардың қолында болды. Десе де, бизнес саласындағы қытайлардың басымдық жағдайы одан әрмен күшейе түсті: барлық бөлшек сауда, тауарларды тарату және жеткізумен айналысқан көлік фирмалары мен компаниялары қытайларға тиесілі болды. Қытайлық компаниялар қытайлық отбасылардың меншіктерінде болды. Оларда тек қытайлар ғана жұмыс істеді. Қала халқының көп бөлігін қытайлар құрағандықтан, барлық маңдайша жазулар үлкен қытай иероглифтерімен жазылды. Малайлықтар олардың өнеркәсіп пен бизнестің дамуына қатысуын кеңейту арқылы елдің ұлттық байлығындағы үлестерін арттыру туралы талаптар қоя бастады. Сонымен, елде қытайлықтарға қарсы наразылық күшейе түсті, ұлттық тіл, қытай мектептерінің мәртебесі және ағылшын мектептерінің одан әрі үстемдік ету мәселелері жиі көтерілді, азғана малайлық науқандардың сәтсіздіктерге ұшырауы талқылана бастады. Үкімет бұл нәсілшіл, арандатушылық үгіт-насихат жұмыстарын ауыздықтау үшін ештеңе істемеді. Тұрмыстық деңгейде малайлықтар мен қытайлықтар арасындағы қарым-қатынастар одан әрі шиеленісе түсті.

Жаңа экономикалық саясат (1970-1990 жж.) және оның нәтижелері

Малайзия Федерациясының (МФ) басқарушы тобы қалыптасқан жағдайдың қауіптілігін түсіне отырып, 1969 ж. шілде айында жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясын, яғни, Жаңа экономикалық саясатты (ЖЭС) жасауға кірісті. Бұл саясат 1971 ж. басында (оның бірінші бөлімі – Екінші малайзиялық жоспар (1971-1975 жж.)) күшіне еніп, әрекет ету мерзімі 20 жылға есептелді. Оның бірінші міндеті – ұлтына қарамастан, барлық малайзиялықтардың өмір сүру деңгейі мен еңбекпен қамтылуын арттыру арқылы кедейшілікті біртіндеп, сосын толығымен жою. Екіншісі – әртүрлі қауым өкілдері табыстарының теңсіздігін төмендету мақсатында қоғамды жедел қайта құру.

МФ экономикасындағы Батысқа, қытайлықтар мен үндістерге және малайлықтарға тиесілі акционерлік капитал үлестерінің 63,3 % : 34,3 % : 2,4 % (6-кесте) түріндегі арақатынасын 20 жылдан кейін, ЖЭС-ті жүзеге асырудың нәтижесінде 30 % : 40 % : 30 % болып өзгерту қарастырылды. 20 жылдың ішінде осындай көрсеткіштерге жету үшін, малайлықтар бизнеспен, соның ішінде, ірі бизнеспен мүмкіндігінше жылдамырақ айналысуы тиіс болды. Бұрын қытайлар немесе шетелдіктер тарапынан монополияландырылған бизнес түрлерімен айналысқысы келген малайлықтарға Үкімет келісімшарттары, лицензиялар мен арнайы жеңілдіктер берілді. Тарихи тұрғыдан алғанда, малайлықтар ауыл шаруашылығымен, ұсақ бөлшек саудамен айналысып, әкімшілік органдарда қызмет етті. ЖЭС-тің негізгі элементтері малайлықтарға білім беру мен оларды кәсіби дайындау болды. Оған дейін тек басқарушы әулеттер мен малайлық жоғары қызметтегі шенеуніктердің балаларының ғана сапалы білім алуға мүмкіндіктері болды. ЖЭС-ті жүзеге асыру кезінде ешқандай артықшылықтарға ие емес малайлықтар мен басқа да тұрғылықты тұрғындарға, әсіресе, шаруаларға білім беруге және оларды кез келген деңгейде кәсіби дайындауға үлкен көңіл бөлінді. Барлық малайлық қала тұрғындары мен шаруаларға жақсы білім беру мақсатында мектептер салынып, бұл мектептер білікті мұғалімдермен толықтырылды. Малайзия мен шетелде орта және жоғары білім алу стипендияларының саны айтарлықтай көбейтілді. МАРА (Тұрғылықты халықтың қамқоршылық кеңесі) малайлық қабілетті студенттерді дайындау үшін колледждер салуға басшылық етті, сондай-ақ, Малайзия мен шетелде әртүрлі мамандықтар бойынша студенттер дайындау үшін стипендиялар бөлді. Бұл ретте тек академиялық білімі бар мамандарды дайындауға ғана емес, сонымен қатар, адамдарды кәсіби оқытуға да көңіл бөлінді. Мысалы, көптеген малайлықтар Ұлыбританияда арнайы дайындықтан өте отырып, тігіншілер мен пішушілер болып жұмыс істей бастады. Малайлықтардың көпшілігі белгілі университеттерден «Іскерлік басқару шебері» дәрежелерін алды. Студенттердің көп бөлігі «Бизнесті басқару» мамандығын оқып шықты. Малайзияда механиктер, қолөнершілер мен білікті жұмысшыларды дайындау орталықтары көптеп ашылды. Кейіннен олардың көбісі бизнеспен, соның ішінде, ірі бизнеспен айналысып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Қытайлықтар мен үндістер де жаңа компаниялар ашты. Шетелдік компаниялар саны мен шетелдік инвестициялар көлемі өсті. Кез келген компанияны ашқанда немесе оның Куала-Лумпур қор биржасында (КЛҚБ) акцияларының бағасын белгілегенде, оның 30 %-дан кем емес акциялары малайлықтарға берілуі тиіс болды. Бастапқыда бұл акциялар сатып алуға өтініш білдірген малайлықтарға берілді. Акциялар малайлықтарға номиналдық құны бойынша сатылды. Ал, акциялардың нарықтық құны номиналдық құнынан анағұрлым жоғары болды. Сондықтан, көптеген малайлықтар акцияларын қайта сатып, жылдам пайда тапты. Тіпті кейбір жағдайларда қытайлар мен үндістер малайлықтарға акциялар сатып алуға ақша беріп те отырды. Ал, малайлықтар сатып алған акцияларын бірден қытайлар мен үндістерге қайта сатып жіберіп, жеңіл табысқа ие болып отырды.

Малайзия ЖЭС жылдары ішінде (1971-1990) индустриалды-аграрлық елге айналып, қарқынды түрде қарыштап дамыды. 1960-жылдары экономика ауқымы екі есеге, ал, одан кейінгі жиырма жыл ішінде үш есеге артты. Бірақ, ЖЭС-тың кейбір нұсқаулары жүзеге аспады. Малайлық жұмысшылардың 17,1 %-ы ары қарай да кедейшілікте өмір сүрді. Бумипутраның жалпы акционерлік капиталдағы үлесі көзделген 30 %-ға емес, 20,3 %-ға ғана жетті. Есесіне, қытайлар мен үндістердің капиталдағы үлесі 40 %-дың орнына 46,2 %-ға (6-кесте) дейін жетті. Қазіргі таңда малайлықтар өздерін құқықтарынан айырылған адамдар ретінде сезінбейді және оларда қытайлықтарға деген реніш сезімі мүлдем қалмаған. ЖЭС-тың барлығына айтарлықтай пайда әкелгені соншалықты, тіпті қаржы дағдарысының нәтижесінде экономикаға зиян келтірілгеннің өзінде, ешқандай нәсілдік сипаттағы күш қолдану әрекеттері орын алған жоқ.

1980-жылдардың аяғына дейін МФ-ның бюджеттік кірістерінің жартысына жуығын экспорттық түсімдер құрап отырды. 1960-жылдары каучук пен қалайының жалпы экспорт көлеміндегі үлесі 85 %-дан 50 %-ға дейін төмендеді. Оларды пальма майы, жұмыр ағаштар және кесілген материалдар ығыстырды. 1970-1980 жылдары экспортқа бағдарланған саясат енгізілгеннен кейін, 1990 ж. қалайы мен каучуктың экспорттағы жиынтық үлесі 5 %-ға дейін азайды. 1984 ж. қарай экспорттық түсімдердің 32 %-ын ($ 12,2 млрд.) тұрмыстық электроника және тоқыма тауарлары қамтамасыз етті. Тұрмыстық электроника өндірісі жыл сайын 69 %-ға, ал тоқыма тауарларының өндірісі 26 %-ға өсіп отырды. Бұл екі сала 1990 ж. таман дайын өнімдерді экспорттағаннан түскен түсімдердің 2/3 бөлігін құрады. Әлемдегі тұрмыстық электроника тауарларының әрбір төртіншісі (компьютер, теледидар, т.б.) Малайзияда шығарылды. 1980-жылдары мұнай мен газ сатудан түскен кірістер елдің экспорттық түсімдерінің 29,6 %-ын берді, бірақ, 1990 ж. олардың экспорттағы үлесі 16,2 %-ға дейін қысқарды. Сонымен, Махатхир үкіметінің экономиканы әртараптандырумен ұштастыра отырып, елді қарқындата дамыту міндеті 1990 ж. қарай толықтай жүзеге асты.

ЖЭС-тың екі онжылдығы ішінде экономиканың жылдам өсуі Малайзияның әлеуметтік құрылымын өзгертті. Орта тап 20 %-дан 32,6 %-ға көбейді. Бұл ретте оның малайлықтардың арасындағы үлесі екі есеге өсті (13 %-дан 27 %-ға дейін). 1990 ж. қытайлықтардың 63 %-ы орта тапқа жатты. Бүкіл Малайзия халқының арасындағы жұмысшы табының үлесі болмашы ғана өсіп, халықтың тек 27,6 %-ын құрады. ЖЭС кезінде малайлықтардың арасындағы жұмысшылардың үлесі 5 %-ға көбейіп, соңында 23 %-ға жетті. Ал, оның қытайлықтардың арасындағы үлесі 8 %-ға қысқарып, нәтижесінде 34 %-ды құрады. Үндістер арасындағы плантация жұмысшыларының үлесі 19%-ға төмендеді. Малайлықтардың білім деңгейі біраз өсті. Ауылдық жерлерде тұратын малайлықтардың саны 65,2 %-дан 33,5 %-ға азайды.


Біздің кейбір мырзалар меншікті бөлу кестесіне көз жүгірте отырып (6-кесте), Малайзияның басқарушы табының саясатын қате деп санайды. Яғни, этникалық малайлар меншіктің тек 20 %-ын иеленетіндіктен, экономикалық саясат малайлықтардың мүдделеріне сай жүргізіліп отырған жоқ деп есептейді. Бірақ, олар 1970 ж. елдің ЖІӨ-і $ 4,7 млрд. болғанда, оның тек 2 %-ы немесе $ 90 млн.-ы ғана малайлықтарға тиесілі болғанын көрмейді. 1990 ж. ЖІӨ $ 87 млрд. құрағанда, оның енді 20 %-ы немесе $17 млрд.-ы малайлықтарға тиесілі болды. Демек, этникалық малайлардың әл-ауқаты күрт жақсарғанын байқауға болады. Әрине, Малайзия үкіметі малайлықтарға көбірек үлесті беруі керек еді деуіміз мүмкін. Бірақ, бұл ретте малайлықтарға жетпеген үлесті басқалардан тартып алуға тура келетін еді. Ал, бұл жағдай бірден елдің өз ішінде азаматтық соғыстың болуына және көрші елдермен соғысына апаратын еді. Мұндай сауатсыз саясаттың нәтижесінде малайлықтар меншіктің 100 %-ын иеленуі әбден мүмкін. Бірақ, бұл 100 % сол $ 4,7 млрд.-ты құрайтын еді.

Малайлық көпшіліктің таңдаған дұрыс саясаты малайлықтардың $ 4,7 млрд. емес, $ 17 млрд. иеленуіне әкелді.

Тоқаш тесігінің 100 %-ы бар болғаны тоқаш тесігі ғана екендігін ұмытпау керек. Малайлықтар тоқаш тесігінің орнына бақуат әрі табысты түрде дамып жатқан кәсіпорынды таңдады. Басқа этникалық топтармен салыстырғанда, Малайлықтардың байлығы қарқынды түрде артты. Яғни, малайлықтардың жалпы меншіктегі үлесі 2 %-дан 20 %-ға немесе 10 есеге өсті. Бұл көрсеткіш ары қарай да өсуде. Қытайлар мен үндістердің үлесі 30 %-дан 46 %-ға дейін немесе тек 50 %-ға ғана көбейді. Мұндай қарқынмен малайлықтар жақын уақытта басқа этникалық топтарға қарағанда меншіктің көбірек бөлігін иеленетін болады. Сонымен, малайлықтар меншіктің басым бөлігіне өз құқықтарын нақты істері және атқарған еңбектерімен дәлелдей отырып, таза бәсекелестік күресте өз әл-ауқаттарын арттырып отыр. Тоқаш тесігінің 100 %-ын таңдаған елдер ақыр соңында өз елдерін күйретеді. Мұны көршілес елдерден, яғни, Тәжікстан мен Қырғызстаннан, сондай-ақ, Судан, Сомали, Ауғанстан елдерінен көруге болады.

Малайлықтар өз елінде меншіктің көп бөлігіне ие болмаса да, жалпы алғанда, едәуір байи түсті. Малайлықтардың меншіктегі үлесінің өсуі жақын уақытта меншіктің көп бөлігінің олардың қолына көшетінін көрсетеді.


Азия қаржы дағдарысын жеңу (1997-1998 жж.)

Азия қаржы дағдарысы – 1997 ж. шілде айында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде орын алған экономикалық дағдарыс. Бұл дағдарыс 90-жылдары әлемдік экономиканы қатты күйзеліске ұшыратты. Дағдарыстың басты себебі – үлкен көлемде капитал ағынының келуіне, мемлекеттік және корпоративтік қарыздардың көбеюіне, экономиканың «қызып кетуіне» және жылжымайтын мүлік нарығындағы серпіліске әкелген «Азия жолбарыстары» экономикаларының аса шапшаң қарқынмен өсуі. Азия қаржы дағдарысы Таиландта басталды. Таиланд сыртқы қарызы өте үлкен мөлшерде болғандықтан, өз міндеттемелерін орындай алмады. 1997 ж. 30 маусымда Таиланд өкіметі бағамы американдық доллардың бағамына байланған жергілікті валютаны, яғни, батты девальвациялады. Нәтижесінде, баттың айырбас бағамы жартылай, ал, Таиландтың қор нарығы төрттен үш бөлікке төмендеді. Келесі айдың ішінде дағдарыс Индонезия, Малайзия және Оңтүстік Корея елдеріне тарады. Индонезия, Оңтүстік Корея мен Таиланд елдері дағдарыстан ең қатты зардап шекті. Дағдарыс Гонконг, Малайзия, Филиппиндер елдеріне де айтарлықтай әсер етті. Қытай, Үндістан, Тайвань, Сингапур, Бруней және Вьетнам елдері дағдарыстан азырақ зиян шекті. Аталған экономикалардың барлығына 1997-1998 жж. ұлттық валюта бағамының түсуі, қор индекстерінің төмендеуі, инфляцияның өсуі, корпоративтік қарыз мөлшерінің артуы және корпорациялардың аты шулы банкроттықтары тән болды.


1997 ж. аяғына қарай валюта алыпсатарларының малайзиялық акцияларға шабуылы, шетелдік капиталдың кетуі және елдің сыртында ринггиттің жаппай сатылуы салдарынан МФ-ның экономикасы да дағдарысқа ұшырады. 1997 ж. шілде мен 1998 ж. қыркүйек айларының аралығында Куала-Лумпур қор биржасының жиынтық индексі 75 %-ға жуық, яғни, 1000-нан 262 пункт белгісіне дейін төмендеді. 1997 ж. аяғында елдің жетекші компаниялары мен фирмаларының акцияларының бағалары шамамен $ 200 млрд.-қа құлады. Ұлттық валюта ринггиттің бағамы екі есеге жуық, яғни, 1 долларға 2,5-нан 4,8-ге, кейіннен тіпті 5,1 ринггитке дейін төмендеді. 1997 ж. алғашқы үш тоқсаны ішінде елден $ 11 млрд. көлеміндегі капитал сыртқа кеткен. 1998 ж. бюджеттің шығыстар бөлігі 18 %-ға қысқартылды. Тұтыну импорты азайды, жалақы төлеу тоқтатылды, алтын-валюта сақтық қорларының құны түсті. Елдегі бағалар бірден шарықтап өсті, жұмыссыздар саны артты. Дүрлікпе сұраныс салдарынан дүкендер сөрелеріндегі бірінші қажеттіліктегі тауарлар тез сатылып кетті. Ондаған және жүздеген ұсақ және орта кәсіпорындар банкроттыққа ұшырады. Бастапқыда Малайзия да Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдері сияқты Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) ұсыныстарының көмегімен дағдарыстан шығуға тырысты. ХВҚ-ның ұсыныстары: ұлттық валютаның құбылмалы бағамын енгізу; айырбас бағамын ырықтандыру; капиталмен операцияларға шектеулерді болдырмау; инфляциямен күресу және инвесторлардың сенімін арттыру үшін есептік мөлшерлемені көтеру; мемлекет тарапынан банктер мен проблемалық компанияларға өте аз көлемде көмек көрсетілу; шетелдіктердің меншік құқықтарын шектеудің күшін жою; мемлекеттік меншікті жекешелендіру; мемлекеттік субсидияларды қысқарту немесе мүлдем алып тастау.

Бірақ, Малайзия ХВҚ-мен ынтымақтастықтың кез келген түрлерінен бас тартып, өзінің дағдарыстан шығу жоспарын жүзеге асыруға кірісті. 1998 ж. қыркүйек айында қаржы дағдарысын жеңуге бағытталған іс-шаралар жоспары жарияланды.

Біріншіден, 1998 ж. 1-қыркүйегінен бастап тұрақты ресми айырбас бағамы бекітілді. Бұл бағамға сәйкес 1 доллар 3,8 малайзиялық ринггитке теңестірілді. Дағдарысқа дейін 1 доллар 2,5 малайзиялық ринггитке тең болатын. Бұл шара арқылы экспорттаушылар мен импорттаушылардың мүдделері ішінара теңдестіріліп, ішкі нарықтағы бағалар реттелді.

Екіншіден, ринггиттерді шетелге шығаруды реттеу бойынша қатаң шаралар енгізілді, шетелдік банктердегі ринггиттік шоттар жабылды немесе уақытша тоқтатылды. Малайзиялық ұлттық валютаның басқа елдерге, ең алдымен, пайыздық мөлшерлеме деңгейі жоғарырақ болған Сингапурге кетуі, сондай-ақ, ақшамен алыпсатарлық операциялар көлемі азайды. Бейрезиденттерге елге әкелген сома мөлшеріндегі ғана шетел валютасын әкетуге рұқсат берілді. Өздерінің шетел валютасындағы және ринггиттегі активтерін 1999 ж. 1-қаңтарына дейін елге қайтаруға келіскен малайзиялық азаматтар табыс салығын төлеуден және бұл активтердің қайдан пайда болғанын түсіндіруден босатылды. Малайзиялық банктерге шетелдік клиенттерінің талап етуі бойынша ринггиттерді басқа шоттарға аударуына тыйым салынды. Орталық банк шетелдік банктердің ринггиттік қорларын қатаң бақылап отырды. Бұл қаражаттар Малайзияның ішінде тауарлар сатып алуға және экспорттық операциялар бойынша төлемдер жүргізуге ғана пайдаланылды. Сөйтіп, өтімді қаражаттар толықтырылды, ал, банктер несиелеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алды. Елдегі активтерді өткізуден түскен дивидендтер мен ақша қаражаттарын ресми бағам бойынша шетел валютасында алуға болатын болды.

Үшіншіден, бейрезиденттердің малайзиялық құнды қағаздармен жұмыс істеу құқығы шектелді, ал, оларды сатудан түскен пайданы тек бір жылдан кейін ғана таратуға рұқсат берілді. Басқаша айтқанда, ринггиттік активтерді сатудан алынған пайдалар мен дивидендтерді шетелге аударуға бір жылға дейін тыйым салынды. Қысқа мерзімді алыпсатарлық капитал мен қоржындық инвестициялар түсімдері қысқарды. Басқа елдерде жұмыс істейтін малайзиялық компаниялар үшін сыртқа капитал шығарудың қатаң жағдайлары белгіленді. Осындай қаулылардың арқасында ақша массасы 25 млрд. ринггитке өсті. Ал, бұл өз кезегінде қор нарығының жұмысын жандандырды.

Махатхир мен Даим қанаты қатпаған малайзиялық кәсіпкерлер табын сақтап қалу үшін, ХВҚ-ның ұсыныстарына қарамастан, банктік есептік мөлшерлемені төмендетті. Бірқатар фискалды борыштар жойылып, табыс салықтарының мөлшерлемелері төмендетілді. Даим премьердің мақұлдауымен жалақыны көтерді және соған сәйкес ішкі бағалардың өсуін қамтамасыз етті. Осындай шаралардың нәтижесінде бюджетке түсетін түсімдер жыл сайын 10 %-ға өсіп отырды.

Сонымен қатар, банк жүйесін сауықтыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданды. Үкімет дағдарысқа қарсы күресте іскерлік ортамен тығыз байланыста бірлесе әрекет етті. Мемлекет тарапынан жекеменшік банктерге ағымдағы қарыздарын өтеу үшін 11 млрд. ринггит берілді. Ал, қаржы капиталы өкілдері өз кезектерінде банк жүйесін қайта құруға келісті.

Нәтижесінде, барлығы 71 банк пен несие ұйымдарының 10 «зәкір» банк және 20 арнайы қаржы институты қайта құрылды. Сонымен қатар, «Central limit order book» (CLOB) сингапурлік қор нарығында малайзиялық акциялармен жартылай заңды қысқа мерзімді мәмілелер мен операциялар жүргізу тәжірибесін тоқтату қарастырылды. Өкімет ұлттық валютаның мұндай жолмен кетуін тоқтату үшін, тіркелудің жаңа жүйесін енгізді. Бұл жүйеге сәйкес, бұдан бұлай анонимдік мәмілелер болмайды. Иелері арқылы тіркелгенге дейін, CLOB сингапурлік қор нарығында сатып алынған акциялар сенімхат бойынша сатылмауы тиіс. Бұл шарт орындалмаған жағдайда, екі жүз мыңға жуық шот уақытша тоқтатылды. Мұндай шаралар Малайзияның қор биржасына оң ықпал етті. Оның акцияларының жиынтық индексі 262-ден 800 пункт белгісіне дейін көтерілді. Сонымен қатар, акциялардың нарықтық құны да өсті.

Дағдарысты басқару бойынша жаңа институттар құрылды. Олардың ең маңыздылары – «Данахарта», «Данамодал» және Корпоративтік қарыздарды қайта құрылымдау бойынша Комитет (CDRC). 1998 ж. шілде айында үкімет «Данахарта» сенімсіз қарыздарды басқару бойынша агенттігін құрды. «Данахарта» банктердің борыштық ауыртпалығын жеңілдету үшін, мерзімі өткен борыштық міндеттемелерді сатып алуды мақсат етті. Ол банктердің бүкіл проблемалық қарыздарының жартысына жуығын сатып алды. Мұндай қарыздар нарықтық бағалар бойынша 20 %-ды құрады (шамамен номиналдық құнының 54 %-ы). 2000 ж. аяғына қарай «Данахарта» жалпы сомасы 47,5 млрд. ринггитті құрайтын борыштық міндеттемелерді сатып алды. 2005 ж. банктер агенттіктен бұл борыштарды қайтадан сатып алды. Үкімет қиын уақытта елдің қаржы институттарына осылай нақты көмек көрсетті. Салыстыру үшін айта кетейік, Таиланд үкіметі «Данахартаға» ұқсас құрылымды тек 2001 ж. құрған болатын. «Данамодал» агенттігі Малайзияның Орталық банкі жанынан ашылды. Оның мақсаты дағдарыстан зиян шеккен қаржы институттарына көмектесу болды. 1999 ж. орта шеніне қарай «Данамодал» проблемалық банктерге 7,5 млрд. ринггиттен аса ақшаны салу арқылы оларды банкроттықтан сақтап қалды. Бүгінгі күні бұл банктердің көпшілігі агенттік алдындағы борыштарын төлеп құтылды. CDRC қарызды қайта құрылымдау бойынша уағдаластыққа қол жеткізу мақсатында ірі бизнес өкілдерінің арасынан борышқорлар мен несиегерлердің форумы ретінде құрылды. Комитет отыздан аса ірі компанияның мәселелерін шешті. Малайзия оказалась единственным из охваченных финансовым кризисом государств Восточной и Юго-Восточной Азии, которому удалось его преодолеть собственными силами. Елде әлеуметтік күйзеліс болған жоқ. Үкімет қолайлы инвестициялық ахуалды барынша қолдап отырды. Дұрыс саясаттың нәтижесінде, Малайзия дағдарысқа дейінгі даму деңгейіне жетті және тіпті одан да асып түсті. 1999 ж. екінші маусымында капиталды бақылау бойынша қабылданған уақытша іс-шаралардың әрекет етуі бірен-сарандап тоқтатыла бастады. Елде жоспарлы құрылыс жұмыстары қайта жаңғыртылып, экономика қайтадан қарқынды дами бастады. 1999 ж. аяғына қарай алтын-валюта сақтық қорлары $ 28,5 млрд.-ға, яғни, дағдарысқа дейінгі деңгейіне жетті. 2000 ж. Малайзия әлемде ЖІӨ-нің өсу қарқыны бойынша алдыңғы орындардың бірін иеленді (8,2 %).



Малайзияның тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ) тарту тәжірибесі

Экспорт көлемі шетелдік капиталдың компанияның акционерлік капиталындағы рұқсат етілетін үлесін анықтаушы негізгі көрсеткіш болып табылды. Компания тауарларының экспорты көбірек болған сайын, шетелдік капиталдың қатысу үлесі де жоғарырақ болады. Мысалы, компанияның бүкіл тауарларының 80 %-дан астамы экспортталынса, онда шетелдік капиталға кәсіпорынның 100 %-ын иеленуге рұқсат етілді. Сонымен, шетелдік компаниялар Малайзияда тек экспортқа бағдарланған өнеркәсіп салаларына ғана қатыса алды. Аталған шектеулер елге ТШИ ағынын молайту мақсатында тек 1998 ж. жойылды.





9-кесте. Өндірістік секторға күрделі қаржы салуды ынталандырушы негізгі іс-шаралар

Салық бастамалары

Салықтық жеңілдіктер

Пионерлік мәртебе

Жоғары технологиялық компанияларды, Индустриалды даму-нығайту Бағдарламасына (Industrial linkage scheme) кіретін компанияларды пайда салығынан 5 жылға босату, ары қарай табыс салығы – 30 %, Сабах, Саравак, Лабуан және түбектегі Шығыс Дәлізі үшін – 15 %.

Күрделі қаржы салымдары бойынша жеңілдікті салықтар

Компания жұмыс істей бастағаннан кейінгі 5 жыл ішінде салынған күрделі қаржы салымдарына салықты 60 %-ға, Сабах, Саравак, Лабуан және түбектегі Шығыс Дәлізі үшін 80 %-ғa төмендету. Жеңілдік компания құрылған жылы нормативті пайда 70 %-ды, сондай-ақ, Сабах, Саравак, Лабуан және түбектегі Шығыс Дәлізінде тіркелген компаниялар мен жоғары технологиялық компаниялары үшін 100 %-ды құрағанда есепке алынады. Барлық сома түгелдей пайдаланылып біткенге дейін, жеңілдіктің пайдаланылмаған бөлігі келесі кезеңдерге өтіп отырады.

Ғылыми-зерттеу және технологиялық-конструкторлық жұмыстармен (ҒЗТКЖ) және тренингтік қызметпен айналысатын компаниялардың жұмыс істей бастағаннан кейінгі 10 жыл ішінде салынған күрделі қаржыларына 100 %, ішкі ҒЗТКЖ-мен айналысатын компанияларға 50 % көлемінде жеңілдіктер ұсынылады. Жеңілдік компания құрылған жылы нормативті пайда 70 %-ды құрағанда есепке алынады. Барлық сома түгелдей пайдаланылып біткенге дейін, жеңілдіктің пайдаланылмаған бөлігі келесі кезеңдерге өтіп отырады.

Қайта инвестициялау бойынша жеңілдіктер

Салынған күрделі қаржы салымдарына салықты 60 %-ға қысқарту. Жеңілдік компания құрылған жылы нормативті пайда 70 %-ды, сондай-ақ, Сабах, Саравак, Лабуан және түбектегі Шығыс Дәлізінде тіркелген компаниялар мен жоғары технологиялық компаниялары үшін 100 %-ды құрағанда есепке алынады. Барлық сома түгелдей пайдаланылып біткенге дейін, жеңілдіктің пайдаланылмаған бөлігі келесі кезеңдерге өтіп отырады.

Қайта инвестициялау бойынша жеңілдіктің берілу мерзімі біткен соң, компаниялар күрделі қаржы салымдарының жеделдетілген амортизациясын қолдана алады. Бұл жағдайдағы 40 %-дық қалыпты мөлшерлеме және 20 %-дық қосымша мөлшерлеме күрделі қаржы салымдарын 3 жыл ішінде есептен шығарып тастауға мүмкіндік береді.

Нарық талаптарына сәйкес өндірістің өзгеруіне берілетін жеңілдіктер

Қайта құру, қайта ұйымдастыру және сектор ішінде қосылу үшін, өндірістік кәсіпорындарға жеңілдіктер беріледі. Бұл жеңілдіктер өндірістің өз шығынын өзі өтеуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді, өндірістік технологияны жақсартады, өнімділікті арттырады және адам және басқа да ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.

Индустриалды даму-нығайту Бағдарламасын (Industrial linkages scheme) дамытуға қажетті бастамалар:

Ірі компаниялар бастамалары

Жабдықтаушылар бастамалары

Қызметкерлердің біліктіліктерін көтеру мен тауар жасау бойынша шығындарға салынатын салықтан алынатын шегерімдер.

Күрделі қаржы салымдарына пионерлік мәртебе беру немесе жеңілдікті салықтар ұсыну, сондай-ақ, оларды бес жылға табыс салығынан 100 % түрінде босату.

Экспорт бастамалары

Экспортты алға жылжыту бойынша шығындар мен жүктерді тасымалдау құнына екі еселенген шегерімдер ұсыну, экспорттық несиелерді сақтандыру кезінде сыйлықақылар беру. Ұлғайтылған экспорт құны мен өнеркәсіптік ғимараттарға салықтық жеңілдіктер беру, экспорттық несиелерді қайта қаржыландыру сызбасын қарастыру.

Малайзиялық сауда белгілерін алға жылжыту бойынша бастамалар

Жергілікті жарнаманы орналастырумен байланысты шығындарға екі еселенген шегерімдер ұсыну.

Малайзиялық фирма белгілерін алға жылжытып отырған компанияларға кәсіби сыйақылар беру.

Оқыту мен дамыту бойынша бастамалар

Жұмысқа кіргенге дейінгі оқыту

Қайта аттестациялау бойынша шығындарға екі еселенген шегерімдер ұсыну

Адам ресурстарын дамыту бойынша Қор

Кәсіпорын құрылғанға дейінгі оқыту және дамыту бойынша шығындарды салықтардан бір реттік босату.

Қызметкерлерді сертификатталған тренингтік ұйымдарда біліктілігін көтеру бойынша оқыту шығындарына екі еселенген шегерімдер ұсыну.

Инфрақұрылымды дамытуға демеуқаржылар бөлу

Өндірістік секторда немесе Шығыс Малайзиядағы қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін компанияларға инфрақұрылымды дамыту бойынша шығындарына 100 % дотация беріледі. Жеңілдік компания құрылған жылы нормативті пайда 70 %-ды құрағанда есепке алынады. Барлық сома түгелдей пайдаланылып біткенге дейін, жеңілдіктің пайдаланылмаған бөлігі келесі кезеңдерге өтіп отырады.


ҒЗТКЖ бастамалары

10 жыл бойы 100 % жұмсалған күрделі қаржы шығындарына салынған күрделі қаржы салымдарына табыс салығынан 5 жылға босата отырып, пионерлік мәртебе беру немесе нөлдік мөлшерлеме бойынша салық ұсыну. Жеңілдік компания құрылған жылы нормативті пайда 70 %-ды құрағанда есепке алынады.

1970 ж. жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) көлемі $ 94 млн., 1990 ж. $ 2,6 млрд., ал, 2010 ж. $ 9,1 млрд. құрады. (10-кесте). ТШИ Малайзияның әлеуметтік-саяси міндеттерін жүзеге асыруда және оның өнеркәсібін дамытуда үлкен рөл атқарды. 1985 ж. жаңа, ашық инвестициялық режим енгізілгеннен кейін, шетелдік кәсіпорындардың жалпы өнеркәсіптік өндіріс көлеміне салымдары 1986 ж. 33,4 %-дан 1999 ж. 44,2 %-ға өсті. Ал, дәл осы уақыт аралығында шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер 30,3 %-дан 38,1 %-ға артты. Өндірістік сектордың жылдам қарқынмен дамуының нәтижесінде, осыған дейін жұмыс күші артық болып келген Малайзия кадр жетіспеушілігіне ұшырады. Кадр жетіспеушілігі салдарынан, жалақының орташа деңгейі біраз өсті.

2000 ж. шетелдік кәсіпорындардың бүкіл ҒЗТКЖ-ға салынған жеке инвестициялардағы үлесі 65 %-ды құрады. Бұл көрсеткіш аталған бап бойынша мемлекеттік шығындар мөлшеріне теңесті. 2000 ж. Малайзияда ҒЗТКЖ-ға кеткен шығындар ЖІӨ-нің шамамен 0,5 %-ын құрады.


Аграрлық сектор

Малайзия экономикасына аграрлық сипаттағы күрделі мәселелер тән болды. Плантациялар, негізінен, шетелдіктердің меншігінде, ал ұсақ тауарлы өндірушілер көптеген бытыраңқы, жері аз шаруа қожалықтары түрінде болды.

Үкімет шаруаларды Малакка түбегінің әр түрлі аудандарындағы арнайы салынған ауылдарға қоныс аудару жөніндегі бағдарламалар жасады. Қоныс аударушыларға бұл аймақтарда егілетін дақыл түрлеріне сәйкес, жер телімдері, несиелер және қажетті құрал-жабдықтар берілді. Мемлекеттік ұйымдардың 70-80-жылдары жүргізген шаруаларды көшіру саясаты табысты болды. Мысалы, ФЛДА (Federal Land Development Authorities) жалпы аумағы 4,5 мың акрды құрайтын жерге шаруаларды көшірді. Жаңадан көшіп келген адамдарға сегізден он акрға дейінгі жер телімдері, тұқымдар мен көшеттер, сондай-ақ, алғашқы егін түсіміне дейінгі шығындарын төлеу үшін, ақша қаражаттары берілді. Несие плантациялық дақылдардың алғашқы түсімінен кейінгі 10-15 жылдың ішінде төленуі тиіс болды.

Мемлекет шаруаларды несиемен қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық жинақ банкі, Федералдық жер банкі сияқты арнайы қаржы институттарын құрды.

1984 ж. «Бірінші ұлттық аграрлық саясат» (1984-1991) жарияланды.


Мақсаттары:

Ұсақ шаруа қожалықтарының тауарлылығын көтеру;

Ауыл шаруашылығы өндірісін қарқындандыру және жаңғырту. Ауыл шаруашылығы өндірісін қарқындандыру бағдарламасында ұсақ шаруа және фермер қожалықтарын жаңғырту, жер өңдеудің озық әдістерін қолдану, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортқа бағдарлану деңгейін өсіру және коммерциялық қызметті кеңейту қарастырылды.

Қоныс аудару саясатын шаруаларға тиімді шарттар бойынша жүргізу.


Нәтижелері:

Шаруаларға жер бөліп беру мен арзан несиелер ұсыну, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шаралар қысқа уақыттың ішінде ауылдарда экспортқа тауар шығаратын орта тауар шаруашылықтарының қалыптасуына әкелді. Сонымен қатар, жер үлестерінің шамадан тыс ұсақталуының алдын алу үшін, 0,4 гектарға дейінгі жерді ұжымдық иеленуге және ол бойынша меншік құқығын беруге тыйым салынды. Бір жағынан, мемлекеттік аграрлық ұйымдар ұсақ және өте ұсақ жер телімдерін қосу арқылы жер иеліктерін үлкейтуге де көңіл аударды. Мұндай аграрлық саясаттың нәтижесінде, ауылдардағы кедейшілік деңгейі 1970 ж. 58,7 %-дан 1990 ж. 21,8 %-ға дейін төмендеді.

1990-жылдардың басында «Екінші ұлттық аграрлық саясат» (1992-1997)» бекітілді. Бұл бағдарлама 1993 ж. бастап жүзеге асырыла бастады.



Мақсаттары:

Ауыл шаруашылығы кірістілігін ішкі ресурстарының есебінен барынша көбейту;

Аграрлық өндіріс пен өңдеу өндірісінің арасында тығыз байланыс орнату;

Ауыл шаруашылығы өнімдері нарығын реформалау;

Агротехнологияның жетістіктерін пайдалана отырып, негізгі дақылдардың шығымдылығын арттыру.


Нәтижелері:

Аталған аграрлық саясатты жүзеге асыру кезінде жаңа жерлерді шаруашылық айналымға біртіндеп тарту одан әрі жалғастырылды. Соңғы онжылдықтар ішінде әртүрлі мемлекеттік агенттіктер Диқандық каучукты өңдеуді ұйымдастыру мекемесі, Жерді қалпына келтіру мен оның құнарлылығын арттыру федералдық қызметі, т.б. ұйымдардың бірқатар бағдарламаларының негізінде жеке компаниялармен бірге түбектегі, Саравак пен Сабахтағы жаңа жерлерді игеру мен мелиорациялау жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді. Нәтижесінде, шаруашылық айналымға 800 мың гектар жер енгізіліп, 120 мың гектар жердің құнарлылығы қалпына келтірілді.

«Үшінші ұлттық аграрлық саясат» (1998-2010). Бұл құжатта 2010 ж. қарай Малайзияны әлемдік нарыққа ірі азық-түлік жеткізушіге айналдыру көзделді. Аграрлық секторды одан әрі жаңғырту және оның өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін, 10 млрд. рингг. бөлінді. Сонымен қатар, тауарлы шаруашылықтар мен ішкі және сыртқы нарықтар, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу кәсіпорындарының арасында коммерциялық қатынастар орнату арқылы ауыл шаруашылығын коммерциялауды жалғастыру қарастырылды. Малайзияның қайта қаралған стандарттар Кодексіне сәйкес, жаңа сапа нормалары енгізілді. Сонымен қоса, тауарларды Құранға сәйкес арнайы сертификаттау кеңінен қолданыла бастады.

Ұлттық экономиканың табысты дамуының арқасында инфрақұрылым да жетіле түсті. Бұл бірте-бірте көптеген ауылдық аймақтарда жағдайдың жақсаруына, көп жағдайларда шаруалардың кірістерінің қала тұрғындарының жалақыларымен теңесуіне әкелді. Ауыл халқы дамыған жол жүру жүйесі, халықты қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету және қазіргі заманғы телекоммуникациялық құралдарды қолжетімді ету сияқты тұрмыс жағдайлары бойынша қала халқының деңгейіне жақындады. Нәтижесінде, ауылдардағы кедейшілік деңгейі төмендеді.



Ауыл шаруашылығында жаңа бағыттар пайда болды. Өсімдік шаруашылығында фармацевтикалық және косметикалық өнеркәсіптердің шикізаты болып табылатын дақылдар өсіріле бастады. Ал, мал шаруашылығында ет өнімдерін қайта өңдеу жүзеге асырыла бастады. Осындай және басқа да жаңартулардың нәтижесінде, аграрлық сектор түпкілікті қайта құрылып, ақыр соңында аграрлық-өнеркәсіптік секторға айналды.

Малайзияның малайлықтардың әл-ауқатын арттыру саясаты оның ауылды көтеру бойынша тәжірибесімен тікелей байланыста болды. Малайзияда ауылдық аймақтарды дамыту министрлігі құрылды. Бұл министрлік ауылдарда әлеуметтік, экономикалық және гуманитарлық реформаларды жүзеге асырумен, тиісті инфрақұрылым (ауруханалар, мешіттер, жолдар, сумен жабдықтау, электрмен қамсыздандыру, компьютерлендіру, т.б.) құрумен айналысады. Сонымен қатар, бұл министрлік ауылдарда білім беру реформаларын іске асырады. Ал, Малайзияның білім министрлігі аталған реформаларды тек теориялық тұрғыдан әзірлейді. Малайзияның ауылдарында министрліктің қатысуымен мектептер мен кәсіптік-техникалық училищелер жүйесі құрылды. Сонымен қатар, осы министрліктің бастамасымен Куала-Лумпурда ауыл халқы білім алатын мамандандырылған институт ашылды. Бұл министрлік адамдарды ауыл шаруашылығына жарамсыз жерлерден көшірумен де айналысады. Бұл ретте министрлік плантацияларды алдын ала дайындап алып барып, пайдалануға береді, ауылда инфрақұрылым құрады, сондай-ақ, бастапқы кезеңде оларға қаржылай қолдау көрсетеді. Мұндай шаралар біршама қаражаттың жұмсалуын талап етеді. Десе де, қазіргі таңда ауыл мәселесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай қорқыныш тудырмайды.

Малайзияда 2000 ж. енгізілген «Бір ауыл – бір өндіріс» бағдарламасының ауыл мәселесін шешуде маңызы өте зор болды. Бұл бағдарлама Жапония үлгісінің негізінде жасалып, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мен ауқаттылық деңгейін көтеруге бағытталды. Ауылдық аймақ немесе жеке ауыл өндірістік, климаттық, ресурстық және географиялық ерекшеліктеріне сәйкес белгілі бір тауарды өндіруі тиіс. Бұл ретте бұл тауар сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті болуы керек, сондай-ақ, жекелеген жағдайларда экспортқа шығарылуы керек. Мемлекет осы мақсаттарды іске асыру үшін, тек өнеркәсіптік аймақтарда ғана емес, тіпті ауылдық аймақтарда да қайта өңдеу кәсіпорындарын құруды ынталандырады. Бұл шара арқылы мемлекет ауыл мен жеке өнеркәсіп арасында өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға тырысады. Өндірілетін тауар ауыл шаруашылығы өнімі түрінде ғана емес, сондай-ақ, туристік қызмет түрінде де болуы мүмкін. Елдің жергілікті және шетелдік туристер келетін дәстүрлі аймақтарында орналасқан көптеген ауылдар туристік қызмет саласына тартылған.

Үкіметтің кедейшілікті жоюға бағытталған ұзақмерзімді бағдарламасы ауылдағы өмір сүру деңгейін көтеру арқылы жүзеге асты. Малайзияның ұлттық статистикалық агенттіктерінің мәліметтеріне сәйкес, кедейшілік деңгейі 1957 ж. 60 %-дан аса болатын. Ал, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 4 %-ды құрайды. Үкімет мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін, ауыл халқын өндірістік секторға тарту, урбандалуды жеделдету, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті арттыру, т.б. сияқты бірқатар іс-шаралар атқарды.



Экспортқа бағытталған өндірісті дамыту үшін сыртқы сауданы ырықтандыру қажет болды. Бұл ретте Малайзия Сингапурдың тәжірибесіне сүйенді. Осыған орай, Малайзия 1971 ж. экспортты-өндірістік аймақтар (ЭӨА) құру туралы Заң қабылданды. Бұл Заңға сәйкес, экспорттық тауарлар өндіретін компанияларға жеңілдіктер берілді. 1990 ж. қабылданған Еркін аймақтар туралы жаңа Заң (Free Zones Act) ЭӨА-тардың ары қарай өркендеуіне жол ашты. Малайзияның Кеден кодексіне сәйкес, еркін аймақтар деп елдің негізгі заңдарының шеңберінен тыс жатқан аумақтарды айтамыз. Еркін аймақтарға сырттан тауарлар (рұқсат етілмеген тауарларды қоспағанда) әкелуге, сондай-ақ, оларды қайта өңдеп, экспорттауға болады. Бұл аймақтар экспорттау кезінде кедендік баждардан, акциздік алымдардан, сату және қызмет көрсету салықтарынан босатылады. Аймақтардың қызметі акциялар туралы және инвестицияларды ынталандыру туралы Заңдармен реттеледі. Мұндай аумақтарда құрылған кәсіпорындар көбінесе импорттық шикізаттар мен құрамдас бөлшектерді пайдаланады. Кейде кәсіпорындардың әкімшіліктеріне бүкіл өндірілетін тауарлардың 20 %-ын ішкі нарыққа жеткізу тапсырылып отырды. 2004 ж. Малайзияда 25 еркін экономикалық аймақ құрылды. Соның ішінде 14 қосымша сауда аймағында тауарлар топтамасын бөлу, бөлшектеу, сұрыптау, қайта буып-түю және таңбалау операциялары жүзеге асырылады. Мұндай операциялар Малайзияда ақырындап дамып келе жатқан кері экспорттық сауда үшін қажет. 14 ЕӨА-та мамандандырылған өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылды. Бұл жүйе Малайзияның экспортқа бағдарланған экономикалық даму үлгісінің маңызды бөлігі болып табылады.



Мұнай өнеркәсібі

Малайзия Федерациясында мұнай ресурстарын игерудің көп бөлігі трансұлттық компаниялар арқылы жүзеге асты. 1975 ж. дейін бүкіл мұнай өндірісі ағылшын-голландтық «Royal Dutch Shell» концернінің қолында болды. Концерннің «Sarawak Shell Bhd.» және «Sabah Shell petroleum Company» еншілес компанияларына Федерацияда өндірілетін мұнайдың 80 %-ы мен 20 %-ы сәйкес келді. 1975 ж. бастап «Exxon» ірі американдық мұнай монополиясы мұнайды өнеркәсіптік тұрғыдан пайдалана бастады. 1980 ж. таман бұл монополияның Малайзияның жалпы мұнай өндірісі көлеміндегі үлесі 43 %-ға жетті.

1974 ж. Малайзияда «Petroliam Nasional» - «Petronas» мемлекеттік мұнай корпорациясы құрылды. Оған мұнай мен газды барлау, өндіру, қайта өңдеу және сату бойынша монополиялық құқық берілді. «Petronas» шетелдік компаниялармен жасалынған келісімшарттарды түбегейлі қайта қарады. Үлескерлікпен қатысудың жаңа формуласы қабылданды. Оған сәйкес, өндірілетін мұнайдың 40 %-ы роялти төлеуді қоса алғандағы өндірістік шығындарды жабуға жұмсалуы тиіс. Ал қалған 60 %-ы жылдық мұнай өндіру көлеміне сәйкес, 65:35 немесе 75:25 түрінде бөлінуі тиіс. 1980 ж. маусым айында Малайзияда «Ұлттық мұнай саясаты» бекітілді. Бұл саясат мұнай қорын сақтауға бағытталды. Осыған байланысты, мұнай өндіру көлеміне шектеулер енгізілді. Әрбір мұнай кен орны бойынша жылдық өндіріс көлемі оның болжанған қорының 1,75 %-ынан аспауы керек.


Автокөлік өнеркәсібі

Малайзияда автокөлік өндірісі тек 80-жылдардың ортасынан бастап қана дами бастады. Оған дейін Федерацияда тек 15 автокөлік құрастыру зауыты жұмыс істеді. 1967 ж. бірінші жеңіл және жүк автокөлік құрастыру кәсіпорны іске кірісті. 1983 ж. Малайзияда автокөлік шығаруды жолға қойған «DRB-HICOM group» тобының көмегімен «Proton» компаниясы құрылды. Келесі жылы аталған топ «Edaran otomobil nasional» фирмасын ашты. Бұл фирма көліктерді сату құқығына ие болды. 1985 ж. шығарылған бірінші малайзиялық автокөлік әлі де біраз жетілдіруді қажет еткенімен, малайзиялықтардың едәуір жетістігі болып табылды. Себебі, сол уақытта әлемнің тек он елінде ғана маркалы автокөліктер өндірілді. Махатхир ұлт мақтана алатындай, «таза малайзиялық» автокөліктің болғанын қалады. Сонымен қатар, ол қосалқы бөлшектер жиынтығы аралық өндірісін дамыта отырып, он мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашқысы келді. Есептік өндіріс көлемі жылына 80 мың жеңіл машинаны құрады. Бірақ, құлдырау жағдайларында ішкі сұраныс мардымсыз болды. Сол кезде үкімет біртіндеп импорттық автокөліктерге баж салығын көтере бастады, ақырында оның мөлшерін 300 %-ға дейін жеткізді. Бұл Протондарға ел ішінде тұрақты сұраныстың болуын қамтамасыз етті. Оның үстіне, Протондар 1990 ж. бастап Қиыр Шығыс елдерінде, тіпті Ұлыбританияда да сатыла бастады. Тек 1990-жылдардың басында олардың өндірісі бірқалыпты табыс әкеле бастады, ал тауарлардың жиырма пайызы Ресейді қоса алғанда көптеген елдерге сатылды. 1995 ж. Протон зауыты жекешелендіру науқаны аясында ірі малайлық магнатқа сатылды.

1993 ж. қарай Малайзияда 8 автокөлік құрастырушы зауыт жұмыс істеді. Көп кешікпей, екінші автокөлік жасайтын «Perodua» зауыты құрылды. Жаңа біріккен компания капиталының 38 %-ы малайзиялық «UBM corporation» компаниясына, 20 %-ы «Med-Bumicar MARA» мемлекеттік компаниясына, 10 %-ы ПНБ Икуити рекорз» компаниясына, 20 %-ы «Дайхацу моторз» жапондық компаниясына, 7 %-ы «Мицуи» компаниясына тиесілі болды. Малайзияда «Proton» және «Perodua» ұлттық автокөлік компанияларын қолдау мақсатында сырттан әкелінетін импорттық автокөліктерге өте жоғары мөлшерде баж салығы салынады.


Малайзияның тіл саясаты

80-жылдардың басына қарай малайзиялық азаматтардың 75 %-ы малай тілін еркін меңгерді. Ал, ЖЭС-тың бастапқы кезеңінде бұл көрсеткіш 64 %-дан аспайтын. Малайзияның түбектік бөлігіндегі малай тілін білетін қытайлықтар саны 1970 ж. 37 %-дан 1980 ж. 73 %-ға, яғни, екі есеге жуық өсті. Малай тілін игерген үндістердің саны 1970 ж. 50 %-дан 1980 ж. 86 %-ға дейін артты. Малай тілі ағылшын тілін біртіндеп ығыстыра отырып, мемлекеттік мекемелердің, министрліктер және заң шығару құрылымдарының жұмыс тіліне айналды. 80-жылдардың басынан бастап мектептердегі оқу пәндері тек қана малай тілінде өткізіле бастады. Ал, ағылшын тілі жеке пән ретінде оқытыла бастады. Техникалық және жоғары білікті еңбекпен қамтылған малайлықтардың санын көбейту мақсатында арнайы дайындық курстары, қосымша материалдық көмек, стипендиялар беру сияқты бірқатар жеңілдіктер қарастырылды. Жас бумипутра кәсіпкерлерін дайындаудың алғашқы кезеңін мектептерде өткізу жоспарланды.

Мұнда этникалық топтардың әрқайсысының әр түрлі діндерді ұстанып, өздерінің ғасырлық дәстүрлерін берік сақтап отырғанына және малай халқының үлесі 55 % болғанына қарамастан, мемлекеттік тілді білу деңгейі, яғни, мемлекеттік тілде оқи әрі жаза алуы іс жүзінде 100 %-ды құрайды. Елдегі барлық ресми іс-шаралар малай тілінде өткізіледі. Малай тілі мемлекеттік және бизнес-құрылымдарда, білім беруде, тұрмыстық өмірде белсенді түрде пайдаланылады. Бұл ретте мемлекеттік тілдің басымдығы қытайлар мен үндістер тарапынан ешқандай қарсылық тудырмайды және қазіргі малайзиялық қоғам үшін табиғи жағдай болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстанда біздің ұлт алдында дәл осы Малайзияда болған мәселелер тұр.

Бізге еліміздің бүкіл аумағында қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ, қазақ тілін меңгеру деңгейін көтеру қажет. Біз малайлықтардың өз елінде бұл мәселені өте тиімді шешкендігін көрдік.

Қазақстанда әртүрлі этникалық топтар мен діни конфессиялар бар. Осындай әртүрлі діндегі адамдар мен этникалық топтардан Қазақстанды өз Отаны деп есептейтін бірыңғай ұлттық қауым, бірыңғай ұлт құру қажет. Кезінде малайлықтар дәл осындай мәселені табысты түрде шешкен болатын.

Бізге ішкі тауар өндірісін көтеру қажет. Малайлықтар бұл мақсатқа да қалай қол жеткізу керектігін көрсетіп берді.

Сонымен қатар, қазақ тілінде сөйлейтін этникалық қазақтардың әл-ауқатын арттыруымыз қажет. Малайлықтар басқа этникалық топтардың мүдделерін шектемей, бұл мақсатқа да жете алды.

Біз Малайзияның мысалында кәсіпкерлер, билік басында тұрған тап ретінде, ұлт алдында тұрған барлық мәселелерді қаншалықты тиімді шешетінін көрдік. Айта кету керек, барлық билік басында кәсіпкерлер тұрған елдерде нәсілдік, діни-этникалық дау-жанжалдар өте тез және елде өмір сүретін адамдардың барлығының пайдасына шешіледі. Мұның себебі, кәсіпкерлер қай ұлтқа жататынына қарамастан, бүкіл ұлттың, яғни, тұратын еліне өз Отаны ретінде қарайтын барлық азаматтардың мүдделерін қорғайды.

Ал, билікте отырған феодал-шенеуніктер көбінесе тек өз этникалық тобының мүдделерін қорғайды.

Біз Қазақстанда ұлт деп этникалық қазақтарды және Қазақстанды өз Отаны деп есептейтін басқа да этникалық топтардың өкілдерін түсінеміз. Сонымен қатар, басқа этникалық топтардың өкілдері қазақтарды мемлекет құрушы ұлт ретінде, ал қазақ тілін ел аумағындағы негізгі тіл ретінде тануы тиіс. Қазақтар өз кезегінде Қазақстанды өз Отаны деп санайтын әр түрлі этникалық топтар мен діндер өкілдеріне тең қарым-қатынастың болуына және олардың құқықтары, еркіндіктері мен меншіктерінің теңдей қорғалуына кепілдік береді.